Атқарылған жұмыстарға оң баға берілді

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов бастаған халық қалаулылары өңірде салынып жатқан бірқатар спорт нысандарының құрылысымен танысты. Депутаттар ескек есу каналын, Б.Саттарханов атындағы спорт кешенін және атшабар көпфункциялы спорт нысанын аралап көрді.
Айта кетейік, «Түркістан қаласында спорт кешендері бар ескек есу каналының құрылысы» жобасын іске асыру 3 кезеңнен тұрады. Нысан құрылысы 2021 жылы басталған.
Ескек есу каналы олимпиадалық стандартқа сәйкес жабдықталған. Ол су спорты түрлерінен оқу-жаттығу жиындарын, әлем және Азия біріншіліктері мен ірі халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған. Мұнда 1000 адамға лайықталған трибуна, эллинг, төреші мұнарасы, жағажай аймағы, көпір қарастырылған. Таяуда аталған нысанда ел біріншілігі өткені мәлім. 100 гектардай аумақты алып жатқан базада ескек есу, академиялық есу, триатлон, каноэ және байдаркада есу, желкенді спорты және жүзу спорт түрлері кеңінен қанат жаяды деп күтілуде.
Ал, Б.Саттарханов атындағы спорт кешені бокс, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, баскетбол, волейбол, таэквондо, каратэ, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат, самбо және үстел теннисі секілді спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындары мен республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған. Мұнда жиналмалы 320 орынды әмбебап спорт залы, бокс, күрес, таэквондо залы, ауыр атлетика және жаттығу залы, дәрігер кабинеті, 72 орынды конференц-зал, 48 орынды буфет, футбол және баскетбол алаңшалары қарастырылған. Бір мезетте 200 спортшы жаттығу өткізе алатын кешенге заманауи құрал-жабдықтар қойылған.
Бұдан кейін халық қалаулылары атшабар көпфункциялы спорт нысанының құрылысымен танысты. Екі кезеңнен тұратын құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Алдағы уақытта мұнда жүйелі түрде ұлттық және халықаралық деңгейдегі бәйгелер ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған жарыстар өткізілмек.
Мәслихат төрағасы Н.Әбішов және депутаттар спорт нысандарының сыртқы және ішкі туризмді дамытуға үлкен септігін тигізетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, тиісті басқарма басшыларына құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды және Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде орналасқан залдағы орындықтар санын көбейтуді ұсынды.
Жалпы, депутаттар атқарылған жұмыстарды оң бағалап өтті.