«Таза Қазақстан» – науқандық тірлік емес!

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мәдениеттің киімілгіштен басталатыны сияқты, салауаттылық та тазалықтан бастау алады. Ал, тәні сау адамның жаны да таза болмақ.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел-ұлы «Жаңа Қазақстанның» негізін «Таза Қазақстан» арқылы құрғысы келетінін, ол үшін адамдардың сыртқы айналасымен бірге ішкі әлемінің де таза болуы керек екенін қайталаумен келеді. Бірақ, өкінішке қарай, біз «Таза Қазақстанды» қолымызға күрек алып бір-екі көшет егу, айналаны күл-қоқыстан арылтып, әлеуметтік желіге фото жүктеу деп түсініп жүрген сияқтымыз.
Әйтпесе, осы бастама қолға алынғанда туылған баланың былдырлап тілі шығып үлгерді. Осы уақытқа дейін, егер қырсық шалған біреу болмаса, жеті қабат кірдің де кететін кезі болды. Былтыр егілген ағаштардың алды қурап,  енді олар  да сыпырып-сиыратын түк таппай қалған «тазақазақстандықтардың» кәдесіне жарап жатыр. «Таза Қазақстан» – науқандық тірлік емес екенін, оны  «басқаша» түсіндіруге болмайтынын уақыттың өзі санасында саңылауы барларға түсіндіріп-ақ отыр.  Ал, біз әліге дейін  ішкі  әлемімізбен шаруамыз болмай, «біреулерге» еліктеп бөрене ұстап суретке  түсеміз, әлеуметтік желіні «фотоесепке» толтырып, тау қопарып тастағандай мәз боламыз. Өткен жылы осы «науқанды» негізге алып, облыс бойынша жарты миллионға жуық көшет еккен екенбіз. Егер соның жартысы көгергенде де бүгінде қасиетті қала қалың орманға айналған болар  еді. Ал, біз биыл тағы осынша көшет отырғызамыз деп білек сыбанып отырмыз.  Көшет егуден бөлек, қолымыз қалт етсе, көше сыпырамыз, аяқжолдарды жуамыз. Сыртымызды қанша жерден сүрткілеп, терісін жұқартқанымызбен ішкі әлеміміз таза болмаса  бәрі бекер. Өйткені, бұл сала көзбояушылықты кешірмейді. Еккен көшеттер көгермесе, көп ұзамай оның обалы  ұруы мүмкін. Ал, ішкі әлемі әлем-жәлем  қоғамда  күл-қоқыс күнделікті үйіліп қала береді. Оны бүгінгі берекесіз тірлігіміз бен баяны жоқ әрекетімізден-ақ аңғаруға болады. Әйтпесе, анасындай адамның тазалап кеткен жерін көшедегі «жүгермек» жарты сағат өтпей жатып былғап кете ме?! Жалпы, ішкі әлемді «тазартуды» әркім өзінен бастағаны дұрыс-ау, сіз қалай ойлайсыз?
Пікір қалдырыңыз