Әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Биылғы 1 наурыздан бастап облыста көктемгі әскерге шақыру науқаны жүргізіліп жатыр. Науқан маусым айының соңына дейін ұласып, 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, басқарма бастығы Жандос Күлдербаев өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте айтты.
– Азаматтарды әскерге шақыру – Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жасақтауға бағытталған маңызды процесс. Биыл көктемде Түркістан облысынан 2500-ден аса азамат әскерге шақырылып, олар бүкіл ел аумағында қызмет ететін болады, – деді Жандос Күлдербаев өз сөзінде.
Спикердің айтуынша, облыстағы 14 ауданда медициналық және шақыру комиссиялары жұмыс істеп жатыр. Ал, жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылушыларға хабарлама жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруда. Атап айтқанда, хабарлама дәстүрлі шақыру қағаздары арқылы ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды пайдалану, яғни мобильді телефондарға SMS-хабарлама жіберу арқылы да жүргізіледі.
Басқарма бастығы әскери қызметтен жалтарғандар жауапкершілікке тартылатынын да атап өтті. Айтуынша, егер шақырылушы әскери комиссариатқа себепсізден себепсіз келмесе, оған айыппұл салынады. Ал, медициналық тексеруден өтуден бас тартатындарға ескерту мен айыппұл қарастырылған. Заңды себепсіз әскери қызметтен жалтарса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл айыппұл төлеуге, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартуға, тіпті бас бостандығынан айырылуға дейін алып келуі мүмкін.
Баспасөз жиынында ҚР Қорғаныс министрлігі әскерде қызмет етуге қызығушылықты арттыру үшін бірқатар шараларды қолға алып жатқаны да сөз болды. Мәселен, «Несиелік демалыс» бағдарламасы әскерге шақырылған азаматтарға қызмет мерзімінде несиелер мен қарыздарды төлеуден босату мүмкіндігін ұсынады. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметті абыроймен атқарып келген азаматтар «Срочник 2.0» жобасы аясында университеттерге емтихансыз оқуға түсе алады.