Жетісайлықтар экспортқа қырыққабат шығарып жатыр

Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Орынбай ата» шаруа қожалығының диқандары қырыққабаттың алғашқы өнімін Ресейге экспорттауды бастады.
«Шаруа қожалығымызға тиесілі 3 гектар жердің 1 гектарына ақпан айының соңында қырыққабаттың ерте пісетін «Магнус» сортын ектік. Ал, 45-50 күнде пісетін «Пекинка» қырыққабаты алғашқы өнімін беруде. Бір гектарға егілген 32 мың түп көшеттен түскен өнім ойдағыдай. Қырыққабатты Ресейдің Пермь қаласына жөнелтіп жатырмыз» дейді шаруа қожалығының төрағасы Нұрлыбек Жайынбаев.
«Магнустың» әр келісін егістік басынан 250 теңгеден саудалап жатқан диқан жақында 2 гектарға еккен «Зарисма» орамжапырағынан да таяу күндері өнім алатынын айтады. Одан бөлек, 6 гектарға қауынның «Аэропорт» сортын егуге жерді дайындап жатыр.
Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, ауданда биыл 1158 гектарға ерте пісетін қырыққабат егілген. Шаруалар одан 50 мың тоннаға жуық өнім аламыз деп отыр. «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Ринда», «Заказ» сынды қырыққабат сорттары егілген алқаптардың 893 гектарына су үнемдеу технологиясы енгізілген. Былтыр аудан диқандары 1287 гектар жерге қырыққабат егіп, гектарынан орта есеппен 30 центнерден өнім алған. Ерте пісетін қырыққабаттың басым бөлігі Ресей, Белоруссия және Еуропаның өзге де елдеріне экспортталады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.