Тамшылатып суару – табыс көзі

Сәбит Қалдыбаев,
«Оңтүстік Қазақстан».
Тамшылатып суару жүйесі суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді әрі егіннің біркелкі өсуіне оң әсерін тигізіп, өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Ал, ол ауыл шаруашылығындағы экономикалық көрсеткіштерді оңтайландырады.
Өткен жылы Мақтаарал ауданында 2 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы ендіріліп, мол өнімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, мақта өнімділігі гектарына 60 центнерге жетіп, бұрынғыдан 2,2 есе көп өнім жиналды.
Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл 6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр. Бұған мемлекет тарапынан да қолдаулар бар. Қазірдің өзінде 89 шаруа қожалығы 4895 гектар алқапқа жаңа технологияны ендірмек ниетте. Диқандар бүгінге дейін 904,9 гектар жер үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидия алуға құжаттарын өткізген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 520 гектар бақшалық алқаптарға су үнемдеу технологиясы енгізілген. Енді 118 гектар мақта және 35 гектар күріштік алқаптарға жаңа технологияны енгізу жұмыстары басталды.
«Әрине, тамшылатып суару технологиясын енгізу барысында белгілі бір қиындықтар мен шығындар болады. Мысалы, технологияны бастапқы орнату құны жоғары болуы мүмкін. Сондықтан шаруалар жаңа технологияға бейімделу үшін арнайы білім мен дағдыларды үйренулері қажет. Мемлекет тамшылатып суару технологиясын іске асырған шаруаларға кеткен шығынның 80%-ын субсидиялауды қолға алды. Сонымен қатар, жаңа технологияны үйрету мақсатында жиі-жиі семинарлар өткізіп, қажет болса тәжірибелі шаруалардан үйренуге көмектесеміз» деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл. Ол сондай-ақ тамшылатып суару технологиясының пайдалы тұстары мен оған кететін шығын көлемдері туралы мол мәлімет берді.
Айта кетейік, ауданда 60 629 гектар суармалы жер 8819 шаруа қожалығына тиесілі. Қазіргі таңда егістік алқаптардың сорлануы белең алғаны да жасырын емес. Мақтадан алатын өнім көлемі де көңіл көншітпейді. Бұдан бөлек, оның бағасы кеткен шығынды ақтай бермейді. Сондықтан шаруалар жаңа технологияны ендіруді шұғыл түрде қолға алып, мемлекеттің көмегін тиімді пайдаланғандары жөн.
Мақтаарал ауданы.