«Таза Қазақстан»: мақсат – ауылдар мен көшелерді ретке келтіру ғана емес...

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мысалы, Қазығұрт ауданына қарасты Жаңабазар ауылдық округінің тұрғындары «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Ауыл үшін – бір отбасы, бір тал ек» атауымен игі бастама көтерді. Тұрғындар ауылдың айналасын абаттандыру мақсатында ағаштар отырғызып, қоршаған ортаны жасыл желекке айналдыруға өз үлестерін қосты. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов та тұрғындармен бірге саябаққа сәнді ағаш көшеттерін екті. 
Сонымен қатар ауыл тұрғындары алдағы уақытта саябақ аумағын ұлғайтып, оған қосымша тал-дарақ отырғызуды жоспарлап отыр. Олар бұл бастаманы тек табиғатты қорғау ғана емес, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғындарға табиғат аясында демалуға жағдай жасау мақсатында қолға алғандарын айтты. 
Ауданда бұдан басқа да экологиялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жоспарланып, ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтуға бағытталған түрлі шаралар өткізу көзделуде. Айта кетсек, өңірлерді көшетпен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтары қамтуда. Облыстағы елді мекендерге арнайы тұқымбақтар бекітілген. Қазығұрттықтар да аймақты көгалдандыру үшін «Жасыл желек» мекемесінің тұқымбағында өсірілген көшеттерді алуда. 
Ал, Түлкібас ауданында Арыс өзенінің бойы қоқыстан тазаланды. Бүгінде ауданда 100-ден аса бұлақ пен өзен-көл бар. Алайда, Шақпақ баба ауылынан басталатын Арыс өзенінің бойынан кез келген тұрмыстық зат қалдықтарын көруге болады. Сондықтан Орталық саябақ алдында бастау алған «Парктер шеруі – 2025» экошарасы Арыс өзенінің бойын тазалау акциясына ұласты. Өзеннің аудан орталығынан өтетін 7 шақырым жағалауына аудан әкімдігі арнайы сенбілік ұйымдастырды. Оған аудан әкімі Асқар Естібаев, әкімдік аппараты, дербес бөлім мамандары, аймақтағы мекеме ұжымдары, Түлкібас агробизнес колледжінің студенттері, қорық қызметкерлері, БАҚ өкілдері, мектеп оқушылары мен еріктілер, жалпы мыңнан аса азамат қатысып, 10-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Экологиялық акция барысында демеушілер тазалыққа атсалысқан азаматтарға түскі ас ұйымдастырды. Ақсақалдар тазалыққа үлес қосқандарға алғыс білдіріп, батасын берді. 
Сарығаш ауданындағы тазалық акциясын қолдаушылар сенбілікте 300 түп ағаш отырғызды. Тұрғындар «Таза аула» акциясын үнемі қолдап келеді. Ауданды жасыл желекке айналдыру мақсатында көктемгі ағаш егу жұмыстары жүргізілді. Сарыағаш қаласы арқылы өтетін А-15 республикалық маңызы бар автожол бойына 300 түп қарағаш, айлант, терек отырғызылды. Игі шараға аудан әкімімен бірге мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен еріктілер қатысты. 
Тазалық жұмыстары барысында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойынан күл-қоқыстар жиналып, арық-атыздарды тазалау, шөптерді ору, ағаш түптерін әктеу жұмыстары атқарылды. Сенбілікке 800-ден аса адам қатысып, 4 техниканың жұмылдырылуымен 4 тонна қоқыс шығарылды. 
Ал, жетісайлықтар бір күнде 5,5 мың түп көшет отырғызды. Тазалық жұмыстары облыс бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес жүйелі өтіп келеді. Мұнда жуырда «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Жасыл аула» акциясы өтті. Акция барысында мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері айнала төңіректі тазалап, ағаштардың түбін әктеді. Көлік қозғалысына кедергі келтіретін ағаштарды бұтады. Көшет егу науқанына ұстаздар, белсенді жастар да қатысты. 
Төлеби ауданындағы сенбілікте 23 тонна қоқыс шығарылды. Мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары сенбілікке бір кісідей атсалысып, әр ұжым өздеріне бөлінген аумақта, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. «Таза жағалау» акциясы негізінде аудандағы су қорғау аймақтары, өзен жағалаулары, жол жиектері күл-қоқыстардан тазартылды. Одан өзге балалар ойын алаңшалары, ішкі көшелер, саябақтар мен аллеялар да тазаланып, қоқыстар арнайы орынға жеткізілді. Осы күні «Варшава келісім шарт ұйымы» өкілдері мен Леңгір қаласы әкімі аппараты, Леңгір тазалық мекемесі қызметкерлерінің қатысуымен облыстық, аудандық маңызы бар жол жиектеріне ағаш көшеттер егілді. 
Ал, Созақ ауданындағы Қызылкөл көлінің аумағында «Жастар Таза Қазақстан үшін!» және «Қоршаған ортаны қорғайық!» атты тазалық акциялары ұйымдастырылды. Акцияға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығының мүшелері, белсенді жастар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Олар Қызылкөл аумағы мен көлге апарар жолдың бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, пластик қалдықтарға арналған қоқыс жәшіктерін орнатты. 
Сонымен, былтыр бастау алған экологиялық акция биыл да жалғасты. Президент оны ұлттық болмысымызға қатысты мәселеге, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастамаға теңеп отыр. Акцияның түпкі мақсаты мен идеясы, ары қарай жалғасатыны былтыр жыл соңында-ақ белгілі болған. Еліміздің таза, көрікті болғаны біреу үшін емес, ең алдымен өзіміз үшін керек. Тазалық мәселесі (мейлі оны экологиялық мәдениет деп атайық) әрбір тұрғынның жүрегіне терең бойлағанда ғана біз рухани тазарарымыз хақ. 

Пікір қалдырыңыз