Саңырауқұлақтан уланудан сақ болайық!

Қазір сауда орындарында саңырауқұлақтың
«сезоны» қызып тұр. Жеңсік ас жегісі келетіндер оның түр-түсіне, пайдалы-зиянды
екендігіне мән бере бермейді. Жасыратыны жоқ, саңырауқұлақты
танып-білмегендіктен оның зардабын тартып, уланып қалатындар да жиі кездесіп
жатады.
Улы өсімдікті пайдалану адам ағзасына өте ауыр
деңгейде зақым келтіреді, тіпті өлім жағдайына жеткізуі де мүмкін. Сондықтан
ағзаның улану жағдайлары қалай өрбитінін, алғашқы көмек пен уланудың алдын алу
шараларына қысқаша тоқтала кетейік.
Жалпы саңырауқұлақ жеуге жарамды және жарамсыз
болып екіге бөлінеді. Бұл екеуін ажырата білмегендер өкінішті жағдайды бастап
кешеді. Дұрысы, тұтынатын тағамыңызға көңіліңіз толмаса, оны пайдаланудан бас
тартыңыз. Ағзада уланудың алғашқы белгілері төмендегідей болады: құсу, іштің
ауруы, диарея, аса көп мөлшерде терлеу мен сілекейдің бөлінуі, бронхта сұйықтың
жиналуы, соның салдарынан қақырықты ылғалды жөтел, дем алудың қиындауы, жүрек
соғуының төмендеуі, көз қарашығының кішіреюі. Бұл белгілер пайда болғанда
тез арада жедел жәрдемге жүгіну қажет.
Саңырауқұлақты жинауда және сатып аларда
төмендегі бірнеше ережелерге назар салыңыз. Жақсы білетін саңырауқұлақты алған
жөн, таныс емес және күдікті саңырауқұлақты алмаңыз. Саңырауқұлақтар тез
бұзылатын өнім болғандықтан жылы орында ұзақ сақтауға болмайды. Қайта жылытып
пайдаланар кезде де аса сақтық қажет. Тұздалған саңырауқұлақтарды цинктелген,
алюминді, қыш ыдыстан жасалған ыдыстарда сақтауға болмайды. Саңырауқұлақтың
қандай түрі болса да, пісірмей тұрып дәмін татуға болмайды. Бұл өсімдікті жинау
кезінде балаларға саңырауқұлақты рұқсатсыз ұстауға болмайтынын ескертіп, үй
жағдайында пісіргенге дейін балалардың қолы жетпейтін жерге қойылуын қадағалау
керек. Үй жағдайында әзірлеу технологиясын, яғни шыны ыдысты, қақпақты
стерильдеу мен өнімді термиялық өңдеуден өткізуін қатаң түрде сақтау керек. Консервіленген
саңырауқұлақты пайдаланар алдында 15-20 минут қайнатып барып тұтынған
дұрыс. Иісі, түсі бұзылған, қақпағы ісінген консервіленген саңырауқұлақты
пайдаланбау керек.
Алдарқұл
АХМЕТОВ,
Шымкент
қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.