Кеміргіштердің, жәндіктердің зиянды әсерінен қалай сақтануға болады?

Көктем келіп, күн жылынғаннан-ақ жер бетіне
түрлі жәндіктер шығып, адамдардың өміріне қауіп күшейе бастайды. Адам ағзасында
пайда болатын түрлі ауруларға қоршаған ортаның зиянды әсерлерімен қатар үй
жануарлары, жәндіктер, сарышаяндар, кенелер, кеміргіштер де себепкер болады.
Соңғы кезде елді мекендерде жиі кездесетін түрлі деңгейдегі жәндіктер мен
кеміргіштер тобына қысқаша тоқталып өтейік.
Кеміргіштер мен жәндіктер аса қауіпті оба,
сүзек, көкала, құтырма, туляремия, лейшманиоз ауруларының таратушысы болып
саналады. Олардан зардап шеккен адамдар міндетті түрде арнайы емдеу
мекемелеріне қаралуы тиіс.
Кеміргіштер тобынан ең көп тарағаны үй тышқандары
болса, жәндіктерден – кенелер мен бүргелер. Бұл зиянды жәндіктер мен кеміргіштерден
сақтану аса маңызды екендігін айта келе, алдын алу шаралары ретінде жеке,
көпқабатты тұрғын үйлерді, мал қораларын, қоймалар мен сауда-саттық, қоғамдық
тамақтану орындарын, тұрғын үй жертөлелері мен көше жиегіндегі арықтарды
уақтылы жинап, тазарту, сондай-ақ тағамның қалдықтары мен тамақ өнімдерін
кеміргіш зиянкестер тимейтін жерде сақтау керектігін еске саламыз.
Осы бағытта жәндіктерге, кеміргіштерге қарсы
қолданылатын шаралардың кең тараған түрі – «дезинсекция» мен «дератизация». Мұндай
іс-шаралармен арнайы залалсыздандыру стансалары тапсырыс берушінің өз есебінен
жеке тұрғын үйлерге, кәсіпкерлік нысандарына, мемелекеттік мекемелерге қызмет
көрсетеді. Залалсыздандыру стансаларының мамандары залалсыздандыру жұмыстарын рұқсат
етілген, бекітілген тізімде бар дәрі-дәрмектермен жүргізуі тиіс, мекемелер мен
жеке тұрғындарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін кезде алдын ала
хабардар етіп, қауіпсіздік шараларын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын
жүргізеді. Қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі, қажетті қорғаныш құралдарымен
қамтамасыз етілуі және оны жұмыс барысында қолдануы залалсыздандыру жүргізетін
мекеме жұмысшыларына қойылатын басты талап болып табылады. Сондықтан, қаламызды,
өмір сүру ортамызды, жанұямызды аталған зиянкестердің әсерінен сақтау үшін алдын
алу шараларын жандандырған жөн.
Талғат
СЕРМАҢИЗОВ,
Шымкент
қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.