«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген болатын. Расында да адам баласы рухани байлықты кітаптан алады. Кітап бар ғылымның бастауы. Сондықтан кітап оқымаған адамның ойланудан да қалатыны хақ. Ал, ойы жоқ адамның айтары да, байқары да болмайды.
Сонымен қатар, Президент «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ, оны мазмұнды етіп өткізген жөн. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» дей келе, кітаптың орнын ешқандай смартфон, планшет алмастыра алмайтындығын айтып, жас ұрпақты, қоғамды кітап оқуға шақырды.
Өңірімізде Президенттің осынау тапсырмасына орай балаларды кітап оқуға баулу мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынған. Солардың бірі ретінде Қазығұрт аудандық Мәдениет үйінде өткен «Мархабат оқулары» байқауын айтуға болады. «Мархабат-Мирас» қорының бастамасымен аудандық білім бөлімі ұйымдастырған іс-шара талай талантты жастың көркем әдебиетке сүйіспеншілігін оятты. Жиналғандар алдымен аудандық Мәдениет үйінің фойесінде Мархабат Байғұттың шығармашылығы мен өмір жолына арналған көрмені тамашалады. Көрмеге қойылған қаламгердің өнегелі өсиет сөздері мен фотосуреттері, кітаптары, сарғайған газет тігінділері көрермендердің ерекше назарын аударды.
Сайысқа қатысушылар Мархабат Байғұттың туындыларынан үзінділер оқып, жазушының жарқын бейнесін көз алдымызға әкелгендей болды. Сонымен қатар, оқушылар қаламгердің туындыларын көпшілікке насихаттайтын эссе жазып, оның өмір жолынан сыр шертетін сахналық қойылым қойды. Бұл үш кезеңнің барлығы да оқырмандарға әдемі әсер сыйлады. Байқауға Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернаттан қатысқан оқушылар арасында Кәусар Тағайбек пен Жаннұр Сәбден І орынды жеңіп алса, Кәусар Арынбай ІІІ орынды иеленді. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Бүгінгі жастар ғаламтордың жетегінде кетіп, кітап оқудан қалып барады» дегенді жиі естиміз. Сондықтан ұстаздар қауымына, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын оятып, оларды кітап оқуға баулу міндеті артылған болатын. Бұл міндет өз маңызын ешқашан жоймақ емес.
Гүлзия ҚАСТАЕВА,
Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қазығұрт ауданы.