Облыстың спорт саласын Худияров басқарады

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың өкімімен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің келісімімен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына Худияров Ғалымжан Батырханұлы тағайындалды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ұжымға жаңа басқарма басшысын таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы спорт саласын дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен өңірде спортты дамыту бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізіліп, жүктелген тапсырмаларды жедел әр сапалы орындау керек. Саланың жаңа басшысы осы бағытта өзінің біліктілігі мен іскерлігін дәлелдеп, спорт саласының дамуына үлесін қосып, жемісті еңбек етеді деп сенім білдіремін, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Худияров Ғалымжан Батырханұлы – 1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол 2000-2004 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дене тәрбиесінің мұғалімі және жаттықтырушысы» мамандығы бойынша білім алған. Педагогика және психология магистрі, 2010 жылы педагогика ғылымдарынан кандидаттық диссертация қорғаған.
Еңбек жолын 2005-2006 жылдары Ә.Нұрмаханов атындағы ОБЖСМ самбо күресінен жаттықтырушы болып бастаған. 2006-2012 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының оқытушысы, 2012-2014 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Спорт және өнер» факультеті деканының ғылым және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
2014-2019 жылдары Түркістан қалалық су спорты кешенінің меңгерушісі, 2019 жылы Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Орталық су-спорт кешені» МКҚК-нің директоры болды. 2021 жылдан бастап Түркістан қаласының VII-VIII шақырылымдардағы мәслихатының депутаты болса, 2025 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін Түркістан облыстық «Олимпиада резервін даярлау орталығының» директоры қызметін атқарып келді.