Бюрократия жойылса, проблемалар ушықпайды

Бүгінгі облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі ашық форматта өткен мазмұнды іс-шара болды. Мазмұнды болатыны сол, қала тұрғындары көкейлерінде жүрген көптеген сауалға жауап алды. Тіпті облыс басшысы мен қала әкімінің сөзінен біршама проблеманың шешімін аңғардық. Қазір облыс орталығы ретінде дамып жатқан Түркістанда негізгі 3-4 мәселе бар. Олар – сапалы ауызсу, жол, тұрғын үй мен кәріз жүйесі. Мәселен, әкім баяндамасында айтылғандай, қаладағы орташа деңгейдегі жолдардың үлесі 50 пайызға енді жетті. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші бұдан да төмен. Бұл проблемаларды шешу үшін қаржы мен уақыт қажет. Сондай- ақ, «Түркістан қаласы табиғи газбен толық қамтылды» дегенімізбен, қаланың шет жақтарындағы жаңа құрылыста мәселе өзекті. Қала жастары үшін маңызды мәселе – спорт алаңшалары. Шаһарды аралап көрсеңіз, асфальттің үстінде доп теуіп жүрген балаларды жиі көресіз. Демек, сол аймақтарда спорт нысандары жетіспейді деген сөз. Қала тұрғындары кездесуде айтқандай, спорт кешендерінің көпшілігі орталықта орналасқан. Басқа жерлерде бірен-саран. Сондықтан тұрғындар қаланың шет аймақтарында да спорт нысандарын көптеп салу мәселесін орынды көтерді деп ойлаймын. Сәйкесінше, облыс әкімі бұл проблема шешілетінін жеткізді.
Облыс әкімі тұрғындардың арыз-шағымына қатысты нақты бір мәселені айтты. Бұл – бюрократия. Себебі бүгінде жергілікті деңгейде шешілуі тиіс проблемалар ақыр соңында облыс әкіміне, тіпті одан да жоғары органдарға жетіп жатады. Әкімнің айтуынша, мұндай жағдайдың орын алуына жергілікті атқарушы органдардың мәселені шешпеуі немесе күрделі мәселелердің шешілу жолдарын дұрыс түсіндірмеуі себеп болады. Өңір басшысының ойымен толық келісемін. Себебі, жергілікті атқарушы органдар барлық проблеманы шеше алмауы мүмкін, бірақ қандай да бір мәселенің түйінін тек қана заң аясында тарқатуға болатынын ұғындыру қиын емес. Осы үрдіс қалыптасса, проблемалар ушықпайды деп ойлаймын.
Бекарыс ШОЙБЕКОВ,
айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты.