«Жасыл энергетикаға» көшті

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев климаттық өзгерістердің энергетика саласына әсер етіп жатқанын айта келіп, «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өткен болатын. Шынында да, «жасыл энергия» дәстүрлі энергия ресурстарына деген сұранысты біршама азайтады.
Осыны басшылыққа алған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары еліміздің жоғары оқу орындарына «жасыл энергетика» мен тұрақты энергия беру қағидаттарын енгізудің жарқын үлгісі ретінде кампус автотұрағының алаңшасына қуаты 30 кВт болатын күн электр стансасын орнатты.
Станса «Күн энергетикасы саласында STEM жобаларды іске асыру негізінде студенттердің зерттеушілік және инженерлік іс-әрекеттерін дамыту» атты гранттық жоба қаражатына орнатылды. Құрылғы алдағы уақытта студенттердің оқу-тәжірибелік жұмыстарына да пайда әкеледі деп күтілуде. Білім алушылар осында күн панельдерінің өнімділігін өлшеу, инсоляция бұрышының әсерін зерттеу, жылу мен шаңданудың ықпалын талдау сияқты оқу-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, жас зерттеушілерге панельдердің орналасуын оңтайландыру, тиімді түрлендіргіштерді пайдалану, аккумуляция жүйелерін интеграциялау, күн энергетикасын физика, инженерия және экология сабақтарына енгізу арқылы жобалық және зертханалық жұмыстарды ұйымдастыру мүмкіндігі де беріледі. Осы арқылы студенттер экономикалық және экологиялық талдау жүргізу мен цифрлық басқару жүйелерінде жұмыс істеу дағдыларын меңгереді.
Бастапқыда 10 кВт күн электр стансасын орнату жоспарланған. Кейін университет басшылығы қондырғының маңыздылығын ескеріп, іргелі жобаға қосымша қаражат бөліп, қуаты жоғары күн панелі орнатылды.
Қазірдің өзінде жас зерттеушілер күн электр стансасының жұмысын бақылап отыру үшін SolarMan SMART платформасын қолдана бастады. Бұл жүйе инвертордың жұмыс көрсеткіштерін онлайн режимде қадағалауға, деректерді талдауға, ақауларды анықтауға және қашықтан басқаруға, өндірілген және тұтынылған энергия көлемі, жүйенің тиімділігі туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Күн электр стансасының басты артықшылығы – кампустың энергетикалық дербестігін арттырып, экологиялық таза энергия көздерін пайдалануға жол ашты.
Бекжігіт СЕРДӘЛІ.