Елге жанашыр маман


 

     Ақмарал Түгелбайқызы – өз ісіне адал, мейірімді жан. Антына адалдығы болар сырқат адамға өзгеше жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарайды. Тұрғындар арасында ерекше құрметке ие. Елге танымал болған ақ халатты абзал жан. Сондықтан болар оны ауыл тұрғындары жақсы көреді. Сырқаттана қалса, алдымен сол кісіден кеңес сұрауға асығады.

 

Алтын қолды дәрігердің өмір жолы – тектіліктің, ем-дом іздеген кез-келген жанға қамқорлық жасаудың үлгісіндей көрінеді. Ақмарал Түгелбайқызы 1990 жылы Қарақалпақстан автономды республикасының Қоңырат қаласындағы мектепті бітіріп, өзінің арманын жүзеге асыру үшін Павлов атындағы Самарқанд мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Онда ол терапевт мамандығын алып, 1997 жылы бітіріп шығады.

Дәрігер ретінде өзінің мансабын туған жерінен бастады. 2004 жылға дейін Қоңырат қаласында жұмыс істеді.

     2006 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Түркістан облысы, Түлкібас ауданына жұмысқа орналасты. Бүгінде Майтөбе ауылдық ауруханасында дәрігер. Осы уақытқа дейін ол мыңдаған науқасқа дәрігерлік кеңес берді, емдеді, жылы сөзін арнады. Көп адам денсаулығына шипа тапты, алғысын жаудырды. Ол үшін дәрігер болу тек мамандық қана емес, кәсіп, жауапкершілігі мол қызмет. Бұл мамандықты таңдауға басты себеп анасының дертке шалдығуы болыпты.

     Ақмарал Түгелбайқызы өзінің кәсіби қызметінде қиындықтарды жеңіп, жетістіктерге жете білді. Дәрігер өз тәжірибесінде обыр ауруының соңғы кезеңімен ауырған пациенттердің өмірімен күресті. Науқастарды емдеп қатерлі ісік дертінен аман алып қалу жолында бар тәжірибесін, білімі мен біліктілігін ортаға салды. Аса жауапты, қиын еңбекте маңдай терін төкті. Медицинаға үлкен еңбек сіңірді.

      Дәрігер болу оңай емес. Ақмарал Түгелбайқызы мінезінің басты белгілерінің бірі – эмоцияға бой алдырмай қиын сәттерде салқын қандылықты танытуы. Ол пациенттерді емдеп қана қоймай, оларды алдын алу шараларын қабылдауға шақырады. Скринингтік тексерулер салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және гигиена әр адам үшін маңызды.

      Білікті дәрігер бүгінгі медицинаның жаһанданып, дамығанына, заманауи жабдықтардың келуіне қуанады.

«Сонау 1990 жылдарға қарағанда бүгінде медицинаның ахуалы әлдеқайда жақсы. Робототехника мен заманауи аппараттар диагностикалауда үлкен рөл атқарады. Болашақта медицина саласының білім алушылары  айықпас дерттің емін тауып, өзінің ғылыми зерттеулері арқылы жаңалық ашады деп сенемін» дейді ақ халатты абзал жан.

 

 

Айшагүл  НАСЫР,

М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті.

Пікір қалдырыңыз