Жаңа өмір сыйлайтын мекеме


 

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты оңалту орталықтары өңір халқының денсаулығын қалпына келтіру мен өмір сапасын жақсартуға күш салып келеді. Осындай мекемелердің бірі – түрлі ауруларға шалдыққан науқастарды емдеуге және оңалтуға бағытталған Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе көпсалалы орталығы.

 

Емдеу орны әртүрлі диагнозы бар адамдарға, соның ішінде жүйке жүйесі ауруларына шалдыққандарға түрлі ем-дом жасайды. Орталықта сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар мен жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар оңалтудан өтіп жүр. Мұнда балалар церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозымен тіркелгендер, психикалық және эмоционалдық бұзылуларға шалдыққандар да ақ халаттылардан көмек алады.

Оңалту орталығы медициналық және әлеуметтік көмек көрсетудің кең спектрін ұсынады. Мұнда заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы терапиялық бөлмелер мен реабилитациялық құралдар бар. Науқастар үшін мынадай қызмет түрлері қолжетімді: физиотерапия және кинезитерапия, массаж және мануалдық терапия, психологиялық кеңес беру, логопед және дефектолог қызметі, емдік дене шынықтыру (ЛФК).

Орталықта жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Олардың қатарында реабилитолог-дәрігерлер, неврологтар, терапевтер, физиотерапевттер, кинезитерапевттер, логопедтер, дефектологтар, психотерапевттер мен психологтар бар.

Барлық қызметтер науқастардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады. Ал, емдеу нәтижелерінің оң болуы үшін кешенді тәсіл қолданады. Оңалту орталығы тек медициналық қызмет көрсетумен шектелмейді. Сонымен қатар науқастарды қоғамға бейімдеу, олардың күнделікті өмірге қайта оралуына көмектесуді көздейді. Әсіресе, балаларға арналған арнайы бағдарламалар олардың физикалық және психологиялық дамуына зор ықпал етеді.

Бұл орталық тек емдеу орны ғана емес, науқастарға үміт сыйлайтын, олардың жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік беретін мекеме деп атасақ артық айтқандық емес. Мұндағы көрсетілетін кез-келген қызмет денсаулық сақтау саласының маңызды бөлігі болып табылады.

 

          Айдана АСҚАРБЕК,

М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті. 

Пікір қалдырыңыз