Әке қарғысы

«Үйі жоқтың, күйі жоқ» дегенді бабаларымыз қалай дәл тауып айтқан десеңші. Біраз жыл бұрын аудан орталығындағы жұмысыма ауылдан қатынап жүрдім. Жаздың күндері аса қиыншылық бола қоймайды, бірақ, таулы өлкеде орналасқан ауылымнан қыс ауасында ауданға жету өте қиын еді. Таң атпай аялдамада автобус күтіп, аязға тоңып, дірдектеп тұрамын. Кеңестік кезеңнің көзіндей болған сары «Пазик» бір сағаттан аса уақыт тайғанақтап жүріп, аудан орталығына зорға жеткізеді. Кейде жұмыстан кешігіп қаламын. Кешкісін тағы да аяғымды бір-біріне ұрғылап, автобус күтіп аялдамада тұрамын. Осындай қиындықтан құтылу үшін аудан орталығынан Ұзақбай деген кісінің үйінен пәтер жалдадым. Ұзекеңнің өзі үлкен үйінде тұрады, есігінің алдындағы шағын үйін маған босатып берді. Өзі аңқылдап қалған әңгімешіл кісі еді. Менің тілші екенімді білген соң, тіпті жақын болып кеттік. Жұмыстан келген соң, кешкісін өткен-кеткенді айтып отырамыз. Осындай күндердің бірінде Ұзақбай көкем маған өзі куә болған бір оқиғаны айтып беріп еді.
«Мен ол кезде Шымкенттегі монтаждаушылар бригадасында жұмыс істейтінмін. Ол облыс бойынша ең үлкен бригадалардың бірі еді. Қай жерде ірі құрылыс басталса, соның қақ ортасында біз жүреміз. Жалақымыз мол. Табысым көп болған соң,  мен өзге жұрт сияқты жатақханада тұрмай, қаланың шетінен пәтер жалдап алғанмын. Пәтер иелері жасы жетпістен асқан соғыс ардагері мен әйелі еді. Екеуінің мектепте сабақ беретін ұлы мен келіні бар-тын. Ұл мен келіннің мектеп жасындағы екі-үш қызы бар. Таяққа сүйеніп, бүкшиіп жүретін қария, үнемі күнұзақ ауладағы сәкіде үнсіз отыратын. Соғыстан жараланып оралған ол кісінің сол аяғы бүгілмей, оқтаудай серейіп тұрушы еді. 
Бір күні жұмыстан қатты шаршап келген мен тамақ ішуге де шамам келмей, ертерек жатып қалдым. Түннің қай уағы екені белгісіз, есігім қатты-қатты қағылды. Ұйқылы-ояу қараңғыда қармалап, есікті әрең тауып ашсам, үрейден екі көзі шарасына шыға жаздап, кішкентай қыз жылап тұр.
– Аға, үйге жүріңізші. Папам атамды ұрып, өлтіретін болды. Ешкімді тыңдар емес. Жүріңізші, атамды ажыратып алыңызшы, – деп шырылдайды кішкене қыз қатты қорыққаннан қалш-қалш етіп.
Мен асығыс-үсігіс киіндім де қыздың соңынан ілестім. Үйдің іші жап-жарық. Айқай-шу зал бөлмеден шығып жатыр екен. Қарияның кемпірі мен келіні бір уыс болып бұрышта тығылып отыр. Баласы әкесін аямай соққылап жатыр. Әкесінің тұмсығы қанап, маңдай терісі жалбырап кеткен. Өзі әлжуаз, арық кісі баласының гүрзідей ауыр соққыларына шыдай алмай, әр ұрған сайын мұрттай ұшады. Ұлы әбден екіленіп алған. Орысша-қазақшаны араластыра боқтап, әкесінде бейне бір өші кетіп қалғандай тап-тап береді.
– Әй, Зәкір, оның қалай? Не болды сонша, әкеңе қол көтеретіндей? – деп мен оның қолына жармастым. Мені тыңдайтын Зәкір жоқ:
– Сенің не жұмысың бар? Құрып кет әрі, көзіме көрінбей? Ұрсам сенің әкеңді емес, өз әкемді ұрып жатырмын. Давай, жөніңді тап! Әзірге таяқ жемей тұрғаныңда, – деп зілдене қарап, тіпті ұрып жіберуге оңтайланып тұр.
Онысымен қоймай, «маған міндет қылғаның пенсияң ба? Ой, пенсияңмен құрып кеткір, албасты. Алжыған кәрі қақпас!» деп орнынан тұра берген қарияны тағы ұрып жіберді. Соғыс ардагері шалқалай құлады. Шыдай алмай, «әй, қойсайшы, Зәкір?» деп жанына жетіп барған мені «сен де бәле болдың ғой»  деп құлаштап ұрған еді, бұғып қалдым. Өз екпінімен етпетінен түскен Зәкірді бойын тіктеуге үлгертпей, оң қабырғасының астынан бір соққы бердім. Ол соққыны ауырсынып, еңкейіп қалғанда желкесінен тағы бір соқтым. Содан бәріміз жабылып жүріп, байлап тастадық. Зәкір сонда да тілін тартпай, аузына келгенін айтып жатты.
– Ертең сені пәтерден қуамын, сүмелек. Қаңғырған қу қайыршы. Енді ісім сенімен болсын. Сенің ажалың менен болады, – деп маған айбат шегумен болды. 
Баласынан оңбай таяқ жеген әке оңалып кете алмады. Тіпті, далаға шығуды да қойды. Ал, адамдықтан жұрдай баласы түк болмағандай жұмысына күліп-ойнап барып келіп жүрді. Бірақ, мені көрсе теріс қарап, амандаспайтын. Көп ұзамай, жауынды-шашынды желтоқсан айының ортасында ақсақал дүние салды. Алайда, әкем қайтыс болды-ау деп ебіл-дебіл жылаған ұлды көре алмадық.
Ынтымағы жоқ, берекесі қашқан ол үйде мен де ұзақ тұра алмадым. Жаңа жылдан соң басқа пәтерге көшіп кеттім. Қазақ «Әке қарғысы – оқ, шеше қарғысы – боқ» деп бекер айтпаған. Асқар таудай әкесіне зәбір көрсетіп, ұрып-соққан қатыгез ұл көп ұзамай, көктемде, өз көлігімен жұмысынан келе жатып, тақтайдай тегіс жолда аударылып, өмірден озды. Осылай әкесінің артынан үш айдан соң өзі де  мәңгілік сапарға аттанды. «Сірә, қатыгез ұлды әкесінің қарғысы алысқа жібермеді- ау» деп ойладым. Одан бері арада қаншама жылдар өтсе де, сол оқиға әлі күнге көз алдымнан көлбеңдеп кетпейді» деп Ұзақбай аға әңгімесін аяқтаған еді.
Мен де көкемнен естіген осы көңілсіз әңгімені қаншама уақыт өтсе де ұмыта алмай келемін. 
«Е, Құдайым, бала бер. Бала берсең – сана бер! Сана бермесең ала бер!»  деп атам қазақ бекерге айтпаған екен-ау, әсте.

Орынтай КӨМЕКОВ,
Әлем халықтары Жазушылар
одағының мүшесі.
Түлкібас ауданы.
Пікір қалдырыңыз