Кімді алдап жүрсіздер?

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Арыс қаласына іссапары барысында әлеуметтік нысан құрылысын сынға алып, жауапты басшыларға қатаң талап қойды. Сапасыз және құрылысы созылып кеткен нысандарға жауапты компанияларды қомақты айыппұл мен «қара тізім» күтіп тұрғанын айтты. Әкім құрылыста салғырттық танытып, сыныққа сылтау іздемеуді ескертті. Кемшіліктерді шұғыл ретке келтіруге уақыт берді.«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 600 орынды мектептің жай-күйімен танысқан облыс әкімі Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мектептердің құрылысын жазға дейін аяқтауды тапсырды. Жауапсыздық танытқандардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды міндеттеді. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы. Осы жоба аясында облыста 29 жаңа мектеп пайдалануға беріледі.
– Сіздердің немқұрайдылықтарыңыз халыққа зиянын тигізбеуі тиіс. Құрылыста демалыс деген жоқ. Жұмыс қайнап жатуы керек! Жауаптылар құрылыстың басында жұмысты талап етіп жүруі қажет. Олай болмаса, іс өнбейді. Қаражат бөлінген, құжат бойынша тұруы тиіс есік-терезелер неге әлі салынбаған? Жылу неге қосылмаған? Мен келгенде ғана осында жүресіздер, қалған уақытта көлеңкелеріңізді көрсетпейсіздер. Кімді алдап жүрсіздер? Созбалаңға салмай, құрылысты жазға дейін аяқтаңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысының құрылысы енді аяқталған дәрігерлік амбулаторияның ішкі әрлеу жұмыстарына да көңілі толмады. Қожатоғай ауылдық округінде бой көтерген медициналық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынған. Әкім кем-кетіктерді ретке келтіруге бір ай уақыт берді.
– Сіздер үйлеріңізге осындай нашар есік қояр ма едіңіздер? Қоймайсыздар! Қыруар ақшаға салынған соң, жауапкершілік керек. Мынау тірліктеріңіз ұят. Халықтың қаражатына салып отырсыздар, жанашырлық болуы керек қой! Осы ауылдың азаматы екенсіз, ендеше, жауапкершілік еселеп артады. Ауылдастарыңыз келетін жер ғой. Неге бірден сапалы, дұрыс істемеске?! – деді әкім.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.