Тәшкенде жүр ем іздеп талай қазақ...

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы жылдары қазақстандықтардың Ташкент дәрігерлеріне көрінуі тіпті жиілеп кетті. Бұған тек өткен жылдың өзінде ғана 7 мыңнан астам отандасымыздың көрші елге емделуге барғаны дәлел. Өзбекстанның сапасы жоғары, бағасы арзан шипажайларына баратындар да аз емес... 

Сонымен, мына ел неге Ташкеннің дәрігерлеріне көрінуге құмбыл? Жыл сайын қаржысы өсіп, мамандары біліктілігін арттырып отырған Қазақстан медицинасына неге жүгінбейді олар?! Елімізде былтыр медицина саласына 3,3 трлн. теңге бөлінген. Ал, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2027 жылға қарай елдің ІЖӨ-нің 5%-ын денсаулық сақтау саласына бөлуді тапсырған. Ендеше, көрші елге «ағылудың» сыры неде? Аз-кем талдау жасап көрейік. Өзбекстан денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары қарқынды дамып, шетелдік емделушілерге қолайлы жағдай жасауда. Әсіресе, стоматология, кардиохирургия, офтальмология және пластикалық хирургия салаларында көрші ел дәрігерлерінің тәжірибесі мен қызмет көрсету деңгейіне сенім артатын қазақстандықтар көбейген. Оған қоса медициналық туризмді дамыту мақсатында ала тақиялы ағайындар емделушілерге шекаралық бақылау жүйесін оңтайландырып, қызмет көрсету сапасын жақсартқан. Мамандар бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасатынын айтып отыр. Өйткені, Өзбекстан медицинасы заманауи технологияларды енгізіп, медициналық қызмет сапасын жақсартуда белсенді жұмыс істеп жатыр. Медицина саласына инвестицияны арттырып, жеке клиникаларына да озық технологияларды енгізге бастаған. 
Жасыратыны жоқ, бізде отандық медициналық қызметке көңілі толмайтындар бар және олар аз емес. Себебі, біздегі денсаулық сақтау жүйесінде емделудің күту мерзімі ұзақ. Қағазбастылық пен анализ нәтижелерінің кешігетіні тағы бар. Оны былайша түсіндіре кетейік: терапевт дәрігер науқас адамға кардиолог, ревматолог, травматолог, тағы сол сияқты мамандарға жолдама беру үшін алдағы айлардың бір күніне кезекке қояды. Өзі сырқаттанып жүрген жан ол уақытты күте алады ма? Ал, кезек күткіңіз келмесе, ақылы қызметке жүгініңіз, сол заматта тексеріп береді. Қызмет көрсету саласында осындай олқылықтар аз емес. Несін жасырайық, пациенттермен қарапайым сөйлеу мәдениетінен де кем түсіп жатамыз. Қазақстанда емделу орталықтары жеткілікті. Бірақ, салыстырмалы алғанда бағаның қымбаттығы жаны қиналып, шұғыл ем іздеген жандардың өзге елдерге барып емделуіне бірден-бір себеп. Сондықтан мына жұрт науқастың іші-бауырына кіріп кетуге шақ қалатын көрші елге барады. Ал, ептеп қаржысы барлар, тіпті Үндістан, Түркия, Израиль, Корея, Қытай асып ем іздеп жатады.  
Көп нәрсе бағаға кеп тіреледі. Екі елді салыстыра айтсақ, біріншіден, Ташкенттегі медициналық қызмет бағасы жағынан Қазақстандағы жекеменшік клиникалармен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Бізде мемлекеттік және жеке клиникалар заманауи жабдықтармен қамтылғанымен, мемлекеттік секторда қызмет көрсету сапасы төмендеу. Ұзын-сонар кезек көп. Кейде жаны қиналып барған азаматтар анализ тапсырып, жолдама алып болғанша не жазылып кетеді, не ауруы асқынып, төсекке таңылады. Өйткені, Қазақстанда шетелде 20 минутта шығарып беретін жалпы қан талдауының өзін бір күнде шығарып беретін емханалардың өзі аз. Астананың өзінде кейбір анализдерді Алматыға жіберіп жатады. Өзбекстан жекеменшік клиникалар арқылы жылдам қызмет көрсетуге көшкен. Қысқасы, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі технологиялық жағынан Өзбекстаннан озық болғанымен, көрші елдегі медициналық көмек біздегіден әлдеқайда қолжетімді әрі жылдам қызмет көрсетеді. Аурудан жаны қиналған адамға «сауығып кетесің» деген бір ауыз жылы сөздің өзі ем. Көрші ел бұл тұрғыда да бізден тағы көш ілгері. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесіне жаңаша өзгерістер жасап, қызмет көрсету сапасын жақсартып, науқастардың кедергісіз әрі тез ем алуына жағдай жасамасақ, ем іздеген отандастарымыздың Қытай мен Өзбекстанға баруы жақын арада тоқтай қоймасы анық. Жақында бір әріптесімізді терапевт-дәрігер артрит, артроз диагнозымен ортопед-хирургке жолдайды. Ал, хирург рентген қорытындысын көріп, науқастан «жасыңыз нешеде?» деп сұрайды. «Алпыстың үстіндемін» дейді науқас. «Е, жасыңыз да бірталайға келіп қалыпты ғой енді, физлечение алып жүре беріңіз» дейді хирург. Науқас не десін, «рахмет» депті де шығып жүре беріпті.  
Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, ақтаулық Айсұлу Кеңесбай биыл Ташкент қаласына барып, қалай ем алғандығы жөнінде өз парақшасында егжей-тегжейлі баяндады. 
«Өзбекстанда ем алғысы келетіндер алдымен қай емдеу мекемесіне баратынын анықтап алуы керек. Ол жақта да біздегідей жекеменшік клиникалар көп. Содан соң ескі ТашМИ мен ТашМИ-2 деп аталатын Ташкент медициналық академиясының екі клиникасы бар. Мен екіншісіне бардым. Орталық бізден барғандарға жақын. Одан кейін барлық емдеу корпустары бір жерге шоғырланған. Оған жету үшін арнайы адам жалдап, қосымша қаражат шығармайсыз. Тікелей барып қарала бересіз. Такси  жүргізушілерінің айтуынша, ақысын төлесе, жол көрсетіп, пәтерге орналастыратын адамдар да бар. Кез келген дәрігердің қабылдауы жергілікті халық үшін 30 мың сум болса, шетел азаматтары үшін – 50 мың сум. Бұл біздің ақшамен 2200-2300 теңге шамасында. «УЗИ» және басқа анализдердің бағасында да осындай айырма бар. Мәселен, ЭГГ-ға (электрлі энцефалография) түсу үшін өзбек сумымен 84 мың төлеу керек, бұл – 3783 теңге. Ал, МРТ-ға (магнитті-резонанстық томография) басыңызды түсіру бағасы 175 мың сум, біздіңше – 7883 теңге болады. Біздің жақта МРТ бағасы 25 мыңнан 50 мың теңгеге дейін баратынын ескерсек, өзбек ағайындардың қызметі әлдеқайда арзан. Жалпы, медициналық қызмет бағалары ол жақта көңілге қонымды, қарапайым халыққа қолжетімді. Өздеріне бұл қымбат көрінуі мүмкін. Онкологиялық аурулар бойынша республикалық онкологиялық орталығына барып ем алуға болады. Ем аурудың сатысына, түріне байланысты жүргізіледі» дейді Айсұлу ханым. 
Қолда бардың қадірі жоқ па? Ташкентте екі жыл тұрған Таңшолпан Құрманәлиеваның пікірінше, өзбекстандық азаматтардың арасында ем іздеп Қазақстанға келетіндер де бар. Өйткені, біздің елмен салыстырғанда, Өзбекстан медицинаға көп қаржы бөлмейді. Мысалы, оларда ерекше қажеттілігі бар балаларға біздегідей арнайы квота қарастырылмайды. Әрине, стоматология сынды кейбір саланы емдеу Ташкентте жақсы дамығанымен, онкология, аутизм диагноздарын емдеуде бізден озып тұрғаны шамалы. 
– Егер Сіздің кеселіңіз Қазақстанда тегін емделетін болса, Ташкентке барудың қажеті жоқ. ТМД елдерінде басқа мемлекеттер медицинаға Қазақстандағыдай қаржы бөлмейді. Тіпті, біздің елімізде көптеген ауру түрлері тегін емделеді. Өзбекстандағы балалар онкологиядан емделу үшін Ресейге барады. Біздің еліміздің медицинасы Америка, Еуропанікімен бірдей емді, дәріні қолданып, сол деңгейде ота жасаса да, азаматтарымыз Қазақстан медицинасына сенбей, Ташкентке барады, – дейді әлеуметтік желіде медицина тақырыбын көтеріп жүрген белсенді Таңшолпан Құрманәлиева. Оның айтуынша, Ташкенттегілер «он күнде аяғыңыздан тұрғызамыз», «дертіңізден айықтырамыз» деп кепілдік береді. Себебі, ертең Қазақстан азаматы ем іздеп барып, қайтыс болып кетсе де оған ешкім жауап бермейді. Өзбекстандық дәрігерді біздің тергеу орындары тергей алмайды. Ауырып тұрған адам «емдеп беремін» деген жылы сөзге сеніп қалады. Ал, біздің дәрігерлер заң алдында жауап беретіндіктен ешкімге «жүз пайыз емделесіз» деп айтпайды.  
Медицина саласына қыруар қаржы бөлінсе де, әрбір төртінші азаматтың отандық медицинаға көңілі толмайды. Былтыр медициналық ұйымдарға немесе сала қызметкерлеріне 7 мыңнан астам шағым түскен. Оның 32%-ы сапасыз медициналық көмекке, 22%-ы ұзын-сонар кезекке, 15%-ы медицина қызметкерлерінің дөрекілігіне, 12%-ы қате диагнозға шағымданған. Кезегі жетем дегенше ауруы асқына беретінін түсінетіндер бірден Ташкентке аттанады. Солардың бірі – Гүлжан Оразаева. 
– Біздің тұрғындар әр емханаға барып сансыз кезек, күмәнді қойылған диагноздан әбден шаршаған. Тегін УЗИ, МРТ, анализ береді. Бірақ, соның қорытындысын оқып, басқа мамандармен кеңесіп ортақ бір шешімге келіп,  нақты ем тағайындамайды. Ауырып барған науқасты бес маманға жібереді. Олардың әрқайсысы әртүрлі диагноз қояды. Сондықтан нәтиже шықпайды. Әр күнің емханаға барумен өтеді, – дейді Ташкенттен толық жазылып қайтқан замандасымыз. Оның айтуынша, Ташкентте бетіңнен сүйіп, жылы қабақ танытып, мүмкіндік болса сол күні, болмаса келер күні барлық нәтижелерді қолға ұстатып, бар ақшаңды қалталарына басып қалып, жібереді. Ол жақта да бәрі білікті, керемет деп айтуға келмейді. Айырмашылығы жылы қабақ танытады, тексерістен жылдам өте аласың. Бізде де мықты, білімді жас мамандар, тәжірибелі дәрігерлер бар. Тек сол кісілерді ерінбей тауып, емін алу керек. Бірақ, олар өте қымбат сұрайды. Бірінші рет көрініп тұрсаң 10-15 мың теңге төлеуің мүмкін. Әр клиникада баға әрқалай.   
– Мен ешкімге Ташкентке бар деп кеңес бермес едім. Бұрынғыдай емес, қазір ол жақта да ақшаға құнығып кеткен. Жақында Ташкентте 4-ші операцияға түстім. 8 күн сол жақтың нанын жедім. Ең бастысы, жаным аман қалды, соған шүкіршілік етемін, – деді ол.  
«Аналитик» талдау және сараптау орталығының есебінше, 2020 жылы медициналық қызмет алу мақсатында өз күштерімен шетелде ем алғандардың саны 18 678, 2021 жылы 55 061 адамды құраған, ал, 2022 жылы бұл көрсеткіш үш есеге өскен. Мамандар шетелге емделуге барған отандастарымыздың жылына 200 млн. долларға жуық қаражат жұмсайтынын айтады. Дертімізге шипа іздеп сырт елге жөңкілуіміздің сыры неде? Әлде отандық медицинаның халі соншалық мүшкіл ме? Мүмкін ақ халаттылардың білімі мен білігі төмен шығар? Олай дейін десек, елімізде әлеуметтік салаға, оның ішінде медицина мен білімге құйылып жатқан қаржыда есеп  жоқ. Жарнамасы «айғайлап» тұрған сырт елдің медицинасы біздің науқастарымыз үшін «құтқарушы періштедей» көрінетіні де жасырын емес. Алайда, ғазиз жаныңызға дауа іздеп барған шетеліңіз сізді көбінесе тауар, пайда көзі ретінде ғана қабылдайтынын  да естен шығармау керек. Әрине, таяқтың екі ұшы бар. Бастысы, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз. Қазақстанда қазір басқа амал болмай тұр... 


Пікір қалдырыңыз