СОТ БЕДЕЛІН КӨТЕРЕТІН ҚАДАМ
Кассацияға түскен істер қазіргідей алдын ала қаралмайды, бірден 3 судьядан тұратын алқаға барып түседі.
Сот реформасындағы ең
үлкен жаңашылдықтардың бірі – кассациялық соттардың қайта құрылуы. «Қайта»
деген сөзге екпін беруіміздің себебі де жоқ емес. 2016 жылы облыстық соттардағы
кассациялық іс қарау тәртібі жойылып, ол міндеттер түгелдей Жоғарғы соттың
құзыретіне өткен болатын. Бүкіл облыстық соттардағы кассациялық іс қарау
құзыретін өзіне алған Жоғарғы сот сол соттардың жұмыс көлемін толық игеріп, сот
билігінің тиімділігін арттырды деп айта алмаймыз. Керісінше, Жоғарғы сот арыз-шағымнан
бас ала алмай қалды. Ал, жергілікті соттар болса, заңдылықты дер кезінде
қамтамасыз ету тиімділігінен айырылды. Ең бастысы, қаншама адамның жер
алшақтығына байланысты кассациялық шағымдану мүмкіндігі шектелді.
Жаңа заңның жаңалығы
сол, Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөнінде дербес
3 кассациялық сот құрылатын болды. Аттары айтып тұрғандай, оның әрқайсысы өз
саласына қатысты шағымдарды қарайды. Қазір Жоғарғы соттың атқарып жатқан жұмыс
жүктемесі енді солардың иығына түседі. Жаңа соттардың жұмысы биыл шілде айында
басталады. Кассацияға түскен істер қазіргідей алдын ала қаралмайды, бірден 3
судьядан тұратын алқаға барып түседі. Ал, істерді қарау ұзаққа созылып кетпес
үшін қарау мерзімі 6 ай деп белгіленді. Енді азаматтар жергілікті сот
шешімдерін қайта қарауға байланысты өтінішхат емес, кассациялық шағым береді. Кассациялық
сот процесі ауызша, тараптарды шақыра отырып жүргізіледі.
Ғани ЖАҢАБЕРГЕНОВ,
Шымкент қаласының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық соты кеңсесінің жетекші маманы.