Қадыр ақын шығармашылығына арналады

Биыл есімі күллі Алашқа мәлім атақты ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай «АМАNAТ» партиясы Түлкібас аудандық филиалының «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығында Қазақстанның халық жазушысы, ойшыл ақын, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған «Заманның зиялы перзенті» атты әдеби кеш өтті. 

Ақынға арналған шығармашылық кеш мәдениет қызметкері, ақын Т.Келімбетовтің арнауымен ашылды. 
Қадыр Мырза Әли Орал облысының Жымпиты ауданында 1935 жылы 5 қаңтарда дүниеге келген. Бала Қадырдың кітапқа деген құмарлығына Жымпиты аудандық кітапханасының кітапханашылары тәнті болған екен. Ақын өмірінің соңына дейін кітапты жанына серік етті. Газет-журналдарды үзбей алып, жаңадан шыққан көркем шығармаларды алғашқылардың бірі болып оқып, өздігінше ой түйіп, пікір білдіріп отыруды дәстүрге айналдырды. 
Қадыр ақынның Отанға, туған жерге, ана тіліне деген сүйіспеншілігі әрбір шығармасынан атойлап көрініп тұратын. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлең жолдары бүгінде афоризмге айналып, жас ұрпаққа тағлым болып қалды. Домбыраның қазақ халқы үшін қасиетті, құнды аспап, көнекөз шежіре екенін терең ұғындырады. Ұлттық домбыра күні мерекесінің аталып өтілуіне де осындай ұранға айналған терең мәнді шығармалардың септігі тигенін мойындауымыз керек. Қадыр Мырза Әли сондай-ақ, көптеген танымал әндер мәтінінің авторы. 
Қадыр Мырза Әлидің алғашқы туындылары «Пионер» журналында жарияланады. «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында еңбек етіп, балалар поэзиясының дамуына да елеулі үлес қосады. 
Қадыр Мырза Әлидің тәуелсіз қазақ елінің алғашқы Әнұраны авторларының бірі екенін де халық ұмытқан жоқ. 
 Ақынның шығармалары көптеген әлем тілдеріне аударылған.  
«Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығындағы әдеби кеште Абай атындағы мектеп-лицейінің оқушылары ақын жырларын мәнерлеп оқыды. Кеш қонақтары, филиалдың атқарушы хатшысы Е.Жүнісов, партия ардагерлері С.Таңатбаев, А.Нұранов және депутаттар О.Көлбаев, Қ.Қоқанбаев, кітапханашы М.Топанбай ақынның шығармаларына қатысты ой өрбітіп, мәнді әңгімелер айтты. 
Әдеби кешті жүргізуші кітапханашы Ж.Тұрлыбаева әдеби кеш қонақтарына қайраткер ақынның шығармаларынан ұйымдастырылған арнайы көрмені таныстырды. Ақынның өмірбаянын айта отырып, кітаптардың мән-мазмұнына, тарихына, көркемдік ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Әдеби кеш соңында кітапханашылар мен кеш қонақтары Қадыр ақынның сөзіне жазылған «Атамекен» әнін қосыла шырқады. 
Жалпы, әдеби кеш ерекше мазмұнмен өтіп, көпшілікке жақсы әсер, рухани демалыс сыйлады. 

«AMANAT» партиясының Түлкібас аудандық филиалы.
Пікір қалдырыңыз