Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа жасау айрықша өзекті мәселе екенін айтып, бұл экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам деп атады. «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деді Президент.

Сонымен Президент пәрменімен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бізде жұмысшы мамандықтарына көзқарас қандай, оған деген сұраныс қаншалықты? Әдетте көпшілік өздігінен құмартып, еркімен бара қоймайтын, сұранысы басым болса да, істегісі келетіндер азайған осы бір салаға бұл бастама қандай серпін әкелер екен? Өзгеріс неден басталады, жұмысшы мамандығының мәртебесі  қалай белгіленбек деген  сұрақтарды зерделеп көрсек...  
Қазіргі таңда Қазақстанда 400 мыңнан астам жұмысшы маманға қажеттілік бар. Бұл әрине, аз көрсеткіш емес. Елде, әсіресе, жұмысшы мамандар тапшы. Сарапшылар Жұмысшы мамандықтары жылы кейін де жалғасады деп отыр. 2030 жылға дейін салада 410,6 мың жұмысшы жетіспеуі мүмкін. Мәселен, 88,1 мың көлік, жүк көлігі мен такси жүргізушілері, 18 мың дәнекерлеуші, 13,4 мың құрылысшы-монтажшы, құрылысшы-әрлеуші мен суретшілер, 13,2 мың сантехник, 12,4 мың фермер мен аралас өнімдерді өндіруші жұмысшылар, 11,2 мың сылақшы, 11 мың тракторшы мамандығы бар жұмысшылар жетіспейді. Сондай-ақ, 8,2 мың өнеркәсіптік жабдықтардың слесары қажет. 
 «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деді Мемлекет басшысы. 
Білім беру саласындағы реформа қалай жүргізілуі қажет дегенге сарапшылар алдымен оқуға қабылданатын түлектердің тиісті мамандыққа мақсатты түрде келуін әрі олардың жұмыспен қамтылуын назарға алуды ұсынуда. Қазір жұмысшы мамандардың дені колледждерде даярланады. Ондағы білім алушылар мен түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейінде алшақтық бар. Себебі, студенттің бірі колледжге мемлекеттік білім гранты үшін ғана келсе, енді бірі жоғары оқу орнына ҰБТ балы жетпей түсе алмағандықтан, мұнда амалсыз келген болып шығады. Өз еркімен есік ашқандар аз. Колледж түлектерінің мамандық бойынша жұмыс істеу көрсеткішінің төмен болуы бір жағынан осындай себептерден болады.  
Осы ретте Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов жұмысшы мамандарды даярлау кезінде білім беру жүйесін теориялық, практикалық, өндірістік деп үш секторға бөлуді дұрыс санайды. Алғашқы екеуі колледждердің оқыту тәжірибесінде қолданылғанымен, соңғысы – өндірістік саты ескерілмей келеді. Халық қалаулысы студенттер таңдаған мамандығының өндірістік бөлігін көзбен көріп, колледж қабырғасында жүріп қосымша табыс тапқанда ғана ынта артады деген пікірде.
– Осыдан 5-6 жыл бұрын Иранда болдым. Сонша жыл санкция құрсауында отырса да Иран дамып кеткен. Шағын және орта бизнестің үлесі жоғары. Маман тапшылығы жоқ. Олар бұл нәтижеге қалай жетті? Осы сауалдың жауабын табу мақсатында Тегерандағы энергетикалық колледж жұмысымен таныстым. Біздің модельге мүлде ұқсамайды. Онда жердің бәрін біздегідей 3-4 қабатты оқу нысаны емес, өндіріс орны алып жатыр. Білім беру нысаны 3 бөліктен тұрады. Ортасында – теория оқытатын аудитория, екіншісінде – өндіріс қоймасы, үшінші бөлігі – өндіріс цехы. Студенттер осында оқып, жұмыс істейді. Тіпті, тапқан табыстарына оқу ақысын төлейді, қалғаны өзіне пайда. Оқу мерзімі де бөлінген. Мысалы, 6 ай оқыған адам – жұмысшы маман, 1 жыл оқыған студент – кәсіби маман, 1 жыл 8 ай оқығандар күрделі міндетті атқара алатын және басшылық лауазымында жұмыс істей алатын маман болады. Қызығы, ондағы студенттердің жұмысы дайын, оқу бітірген соң тентіреп жүрмейді, – деді ол. 
Жасыратыны жоқ, Үкімет техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауға мүдделі. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бастаған жұмыс тобының колледждерді 3-4 деңгейге бөлу, жұмысшы мамандарды даярлауға арналған оқу бағдарламасын жаңарту бастамасы осы өзгеріске бағытталған. Білім беру гранты да басты назарда. Министрлік сұранысы жоғары салаға білім грантын көбірек бөлуге ниетті. Мәселен, биыл ЖОО-ға түсу үшін 112 мың грант берілсе, оның 60 пайызы техникалық мамандықтарға тиесілі. Ал, колледждерде білім алу үшін 145 мың грант бөлінген. Бұл жылдағыдан 12 мыңға көп деген сөз. Басым дені машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия секілді техникалық мамандықтарға бағытталған. Оған қоса кәсіпорындардың өтінімі негізінде орта кәсіптік оқуға 10 мың талапкерге мүмкіндік берілді.  
Жұмысшы мамандықтары жылына арналған жоспар бірнеше айдан кейін-ақ жүзеге асады. Демек, маман статусы қалай құбылатынын, саладағы реформалар қандай нәтиже беретінін көретін күн алыс емес. Бастысы, еңбек адамы үшін жарқын мүмкіндіктер есігі ашылмақ.   
Дегенмен, жұмысшы мамандықтарына келушілер жоқ деп кесіп айтуға болмайды, әрине. Жұмысшы мамандықтарға бет бұра бастағандар да бар. Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарына сұраныстың артып отырғаны байқалады. Өңірде 2024 жылы Ұлттық жобалар негізінде бекітілген «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 118 889 жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Оның 3671-і жаңа жұмыс орындары екен. Ал, 43250-і бос жұмыс орындары. 
«Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашу» тапсырмасы негізінде жеке бастамалар аясында 22 595 жұмыс орнын ашу көзделуде. Субсидияланған жұмыс орындары 2023 жылдан өтпелі 10948 орын, 2024 жылға 31208 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кәсіпкерлік бастамаларды, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант 1793 азаматқа, жастарды шағын несиелеу 621 азаматқа, сондай-ақ, «Ауыл – ел аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 4803 адамға шағын несие беру күтілуде» дейді облыстық Еңбек мобильдігі орталығының директоры Ақмарал Жолаева.    
Бұл орайда жұмысшы мамандығына өздері қызығып, арнаулы оқу орындарында жүргендер де аз емес. Келес ауданында облыстық білім басқармасына қарасты №13 колледж бар. Аталған оқу орында жұмысшы мамандықтарын игеріп, болашағын сондай кәсіппен байланыстырғысы келетін жастар көптеп кездеседі. Мәселен, тігінші мамандығын таңдаған Роза Жәнібек осы мамандыққа сұраныстың көптігін айтады.  
«Басқа мамандықтарға қарағанда өзіме тігіншілік кәсіп тиімдірек болып көрінді. Бұл кәсіпті игерсеңіз үйде отырып та, өзіңнің жеке бизнесіңді ашып та пайдасын көруге болады. Тапсырыс көп. Оны өзім жеке қабылдап, орындай аламын. Сондай-ақ, кәсіпті дамытуға да мүмкіндік жетерлік» дейді тігінге зейін қойған колледж студенті. Оның айтуынша, мұнда қыздар аспаздықты, тігіншілікті таңдаса, жігіттер көлік жөндеу, автоэлектрик, дәнекерлеуші мамандықтарына құмар көрінеді. 
Ал, осы колледждегі Ерсұлтан Құрал көлік жөндеуге қызығады екен. 
– Қазір моторды ашып, шашып-жинауды үйреніп жатырмыз. Кейін мұнда автомобильдің электр жүйесін үйренеміз, сосын диагностикаға бет бұрамыз, – дейді ол. Бастысы, Роза да, Ерсұлтан да болашақта өздері таңдаған мамандықтары бойынша жұмыссыз қаламын деп ойламайды. 
Дегенмен, біздегі жұмысшы мамандықтарына оқытатын оқу орындарының потенциалы әлі де дамытуды қажет ететіні түсінікті. Сала мамандары, мәселен, біз мысалға келтірген тігіншілік саласында тәжірибеден өтуге заманауи тігін шеберханаларының жоқтығын айтса, көлік жөндеу саласы бойынша арнайы тәжірибе өтетін дербес орындардың жоқтығын алға тартады. Жоғарыдағы Иран тәжірибесіне жету үшін әлі де көп еңбектенуге тура келетін сияқты. Қалай десек те, Президент Жолдауында көтерілген жұмысшы мамандықтарына деген сұранысқа мемлекеттік деңгейде қамқорлық қажеттігі айқын сезіледі. Өйткені оған сұраныс көп. Ал, сұраныс ұсыныспен өтелуі тиіс.    
Пікір қалдырыңыз