Салмақты сұхбаттың айтары көп

Табалдырығын жаңа ғана аттаған 2025 жыл тың тағлымдарын ілестіре келуімен есте қалатын шығар. Алғашқы күні-ақ   «Ана тілі» газетінің беташар санында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деген сұхбаты жарияланды. 

Кең ауқымды да терең тағлымды сұхбатында  Мемлекет басшысы еліміздің ішкі және сыртқы саяси ахуалы, халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеру мәселесі, ел өмірінде орын алған төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар, тіл мәселесі, тарихи мерекелік даталарды атап өту, қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, заң үстемдігін орнату, жастардың қауіпсіздігін сақтау және оларды әлеуметтік жағынан қолдау мәселелерін кеңінен саралапты. 
Президент сұхбатын оқып отырып, жастардың қауіпсіздігіне қатысты заңдар қабылданып, білім алушыларды қолдауға арналған жаңа бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқандығына көз жеткізіп,  көңілге қуаныш ұялады. 
Мемлекет басшысы былтыр 15 наурызда өткен ІІІ  Ұлттық  құрылтайда қазіргі таңда жастарды тура жолдан тайдырып жатқан қоғамдық  5 кеселді дертті (нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық) атап, осыларға қатты алаңдайтындығын айтқан болатын. 2024 жылдың соңында  жоғарыдағы қоғамдық дерттерден жастарды сақтау, оларды тура жолдан адастыруға ықпал ететін түрлі факторлардың алдын алу мақсатында заңдар қабылданды. Білім алушыларды әлеуметтік тұрғыда қолдауға арналған  «Ұлттық қордан – балаларға», «Келешек» атты арнаулы бағдарламалар  білім алушыларға үлкен мүмкіндік береді. «Ұлттық қордан – балаларға» бағдарламасы 2024 жылдың қаңтар айында өмірге жолдама алса, «Келешек» бағдарламасы биылғы қаңтардан бастап жүзеге асатын болады. «Келешек» бағдарламасы бойынша 5 жастан асқан әрбір бала үшін мемлекет белгілі мөлшерде депозит ашып, баланың ата-анасымен бірге аталмыш депозитті толықтырып отырады. Бағдарламаның ерекшелігі – жиналған депозит үш мақсатта пайдаланылады: оқу ақысын өтеу, баспана алу, өз қажетіне жарату. Жиналған депозитті бала өскен соң республика аумағында және шетелдік ЖОО-на оқуға түскен жағдайда (бакалавриат не магистратура бойынша) пайдалана алады. 
Егер білім алушы мемлекеттік білім беру грантын иеленіп, шәкіртақы алып оқыған болса, депозиттегі қаражатты баспана алуға пайдалана алады.
Мемлекет басшысының жыл басындағы  сұхбатында жоғарыдағы мәселелерді одан әрі дамыту жолдары да айтылды. Иә, Президентіміздің алға қойған жоспарлары мен тапсырмаларының салмағы әрбір саналы азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейді.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, жастардың қауіпсіздігін сақтай отырып, оларға тура жолды нұсқау, жанашырлықпен жарқын болашаққа бағыт-бағдар беру, әрбір жас өскіннің тағдырына бей-жай қарамай, тілеулес болу  өзін зиялы қауым өкілімін деп санайтын әрбір азаматтың ар алдындағы азаматтық борышы деп білемін.
                 
Ғалымжан БИТҰРСЫН,
Жұмабек  ТӘШЕНОВ атындағы университеттің әлеуметтік-мәдени даму 
жөніндегі проректоры, 
Ұлттық Заң академиясының  корреспондент-мүшесі.
Пікір қалдырыңыз