Халық қалаулылары есеп берді

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында облыстық мәслихат құрамына кіретін депутаттардың және қалалық, аудандық мәслихат төрағаларының қатысуымен сайлауалды бағдарламаның орындалуы және атқарылған жұмыстардың есебі бойынша брифинг өтіп жатыр. Айта кету керек, партия бұл үрдісті өткен жылдан бастап іске асырып келеді.

Ашық форматтағы есеп беру жиынына облыстық мәслихаттың депутаттары – «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Бекарыс Шойбеков, Инара Намазбаева, Сүлеймен Арыстанов, Еркебұлан Хандиллаев және Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев қатысты.
Қалыйма Жантөреқызы мәслихат депутатының азаматтар көтеретін мәселелерді бақылауда ұстап, жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін барынша пайдалануы маңызды екенін айтты. Мандат иелері арасында қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ашық пікірталастар өрбитінін, түрлі көзқарастарды талқылау нәтижесінде нақты шешімдер қабылданатынын жеткізді. Облыстық мәслихаттың депутаттығына Кентау қаласынан қатарынан 2 мәрте сайланғанын атап өтіп, кентаулық ағайындарға артқан сенімдері үшін алғысын білдірді. 
«Депутат ретінде қаладағы жаңадан құрылған «Шұғыла» шағынауданында 
инфрақұрылым құрылысына қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Алғашқылардың бірі болып жылуэнергоорталығының мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдадым, нәтижесінде қажетті жөндеу жұмыстарын атқаруға 735 млн. теңге бөлінді. Кейін бұл мәселе партиямыздың төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың бақылауына алынып, республикалық бюджеттен 13 млрд. теңге бағытталды» деді Қалыйма Жантөреқызы. 
Сондай-ақ, депутаттық ықпал етудің нәтижесінде Ащысай елді мекеніне асфальт жол салу, Қарнақ елді мекенінде Мәдениет үйінің құрылысын жүргізу, Байылдыр ауылы тұрғындарының көп жылдық арманы болған жол салу, елді мекендерге табиғи газ тарту жұмыстары қолға алынғанын айтты. Кентау қаласынан бөлек, партия алаңына келген тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, облыс көлемінде бейнебақылау жүйелерін орнату, Ордабасы ауданының Шұбар елді мекеніне сапалы ауыз су тарту, Қарабастау ауылы мен Арыс қаласына қарасты саяжай аумақтарында тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру міндеттері бойынша оң шешім қабылдануына ұйытқы болғанын жеткізді.
Одан соң облыстық мәслихатқа Түркістан қаласынан сайланған Сүлеймен Тұрсымбайұлы депутаттардың қаланы таза, қауіпсіз қалаға айналдыру жолында, сайлаулады уәделерді орындау аясында бірқатар тірліктің басында жүргенін айтып өтті. Түркістан қаласы облыс орталығы болып, аудан бөлініп кеткелі бюджет, кәсіпкерлік, салық саласында да бірқатар мәртебенің өзгеріске ұшырағанын, жергілікті тұрғындардың үйрену, бейімделу жұмыстары да біразға созылғанын тілге тиек етті. Сонымен бірге, кейбір субсидиялардың да тоқтап қалғаны кәсіпкерлерге қиындық туғызғанын, осы бағытта фракция жиынында қаржы басқармасына бірқатар ұсыныс жолдағанын айтты. Облыстық мәслихаттың депутаты халықпен кездесулер барысында қаладағы салынған жолдардың уақытында бітпеуіне, сапасыздығына назар аударуды сұрайтынын, бұл бағытта қала әкіміне, тиісті басқармаға ұсыныстар беріп, мәселенің шешімін табуына ықпал еткенін жеткізді. 
Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Инара Намазбаева тұрғындарға   жеке қабылдауларды жиі өткізіп тұратынын, олардан көбіне  қаланы абаттандыру жұмыстары, ретсіз шашылған қоқыстар, жолдарды тазалау, тағы басқа, әлеуметтік салалар төңірегінде сұрақтар туындап, ұсыныс білдірілетінін айтып өтті. Халық тарапынан түскен сұрақтармен жұмыс жүргізу шеңберінде 8 депутаттық сауал жолданып, нәтижесінде бүгінге дейін 4-еуі қолдау тауып, тиісті жұмыстар атқарылған. Одан бөлек, Инара Әбдіғаппарқызы көп балалы және ерекше баласы бар аналарға жиі қамқорлық көрсетіп тұрады. 
Түркістан облыстық мәслихаты әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Бекарыс Шойбеков комиссия жұмысын жүйелі ұйымдастыру бағытында тиісті салаға қарасты облыстағы бірқатар мекемелерді аралап, танысып, кем-кетігіне  көз жеткізіп шығуды үрдіске айналдырып келе жатқанын айтып өтті. Комиссия мүшелері тарапынан әлеуметтік, медициналық және білім саласындағы өзекті жәйттерді саралап, басқарма басшысының есебін тыңдап, туындаған мәселелерді шешуге ықпал етуде. 
Түркістан қаласының орталығы саналатын Яссы, Шауғар және Ортақ секторы аумағынан облыстық мәслихатқа сайланған Еркебұлан Шоқанұлы бүгінгі таңда халықпен кездесулер барысында ауызсу, жарықшамдар  және көшелерге асфальт төсеу сынды өтініштер мен ұсыныстар болғанын жеткізді. Одан бөлек, тұрғындар интернет байланысының нашарлығын жиі сынға алатынын, осы тұрғыда партиялық алаңда өткен жиында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысына ұсыныс білдіргенін, қазіргі таңда жауап күтіп отырғанын айтты. 
Сегізінші шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатындағы жалпы 18 депутаттың 17-сі «AMANAT» партиясынан. Қалалық мәслихатта 4 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Бұл туралы Түркістан қалалық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев мәлімдеп, жалпы, елдің алдында тұрған экономикалық және әлеуметтік міндеттерді орындауға ықпал етуде мәслихаттың маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Жыл басынан бері қалалық мәслихатта 12 сессия, тұрақты комиссиялардың 32 отырысы өткізілген. Қаралған мәселелер бойынша 48 шешім қабылданған. Оның 11-і – нормативтік-құқықтық актілер. 
«Қабылданған шешімдерде қаланың негізгі – әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің қарқынын төмендетпеу, әлеуметтік қорғау, шағын және кіші кәсіпкерлікті қолдау, коммуналдық шаруашылық, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын  алу бағыттары қамтылып отырды» деп атап өтті Ғаппар Амантайұлы. Одан бөлек, сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. 
Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев аудандық мәслихаттағы 15 депутаттың 13-і «AMANAT» партиясынан екенін атап өтті. 13 бірлескен тұрақты комиссиялардың отырысы өтіп, онда 65 мәселе қаралған. 98 өзекті мәселе қамтылған 49 депутаттық сауал жолданған. Олардың қатарында жолдарды жөндеу, ветеринария саласы, ономастика, жұмыспен қамту саласы, ауыз су, суармалы су, қойма салу және жөндеу саласы, сонымен бірге Сауранда электроэнергия саласы да өзекті болып отыр. Сержан Ермекбайұлы құрылғанына көп уақыт бола қоймаған жаңа ауданның мәселесі де көп болатынын, аудандағы жергілікті билік пен депутаттық корпус өкілдері мәселенің барынша оңтайлы шешілуі барысында белсенді жұмыс атқарып келе жатқанын жеткізді. Тұрғындармен 45 рет жеке қабылдау өткізіп, 20 рет көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылған. 
Баспасөз өкілдері облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың мүшелеріне бірқатар мәселе бойынша сауалдар жолдап, тиісті жауаптарын алды. 
Пікір қалдырыңыз