Талай тарих ақтарылды бұл кеште

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің ғасырлық мерейтойы күн санап жақындап келеді. Осыған орай облысымыздың түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар, кездесулер, «дөңгелек үстелдер», еркін пікір алмасулар өтіп жатыр. Міне, осындай шаралардың бірі Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде  өтті.


Оған «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен архив қызметкерлері,  М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті журналистика факультетінің студенттері, басылымның тұрақты авторлары қатысты.

Кездесуде «Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» КММ басшысы Гүлнар Шардарбекова сөйлеп, газеттің тарихына қысқаша тоқтала келіп, шығармашылық ұжымға табыстар тіледі. «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов ғасырлық тарихы бар басылымның басынан өткерген қилы тағдырларды, осы газетте қызмет еткен қаламгерлердің бастарынан кешкен сәттерін сөз етсе, танымал журналистер Слам Нұрмағамбетов пен Кәрібай Әмзеев тарих тереңінен тартып, бірқатар сыр шертті. Архив қызметкері Ақнұр Нұрмаханқызы журналистерге ақжарма тілегін жеткізді. Болашақ журналистер өздерін қызықтыратын сауалдарға жауаптар алды.

Мұнан соң келушілер «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Сарғайған парақ беттері өткен күндердің елесіндей алдымызға талай тарихты жайып салды. Біз осы бөлмеде көбірек аялдадық. Бабалар соқпақтарын іздедік. Ұмытыла бастаған оқиғалар көз алдымызда қайта жаңғырды. Иә, архивтің бір құдіреті осында!

Архив басшысы Г. Шардарбекова қорытынды сөз сөйлеп, газет ұжымына сәттіліктер тіледі. Мұнан соң келушілер ескерткіш суретке түсіп тарқасты.

Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.

Пікір қалдырыңыз