Мемлекет басшысы Сергей Лавровты қабылдады
KAZINFORM. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті.
Мемлекет басшысы Ресей сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, екіжақты ынтымақтастықтың достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұған жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог, сондай-ақ екі ел үкіметтері мен парламенттерінің үйлесімді жұмысы айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Әңгімелесу барысында Ресей президентінің Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындық мәселесіне айрықша мән берілді.
Өз кезегінде Сергей Лавров Ресей мен Қазақстанның көпжақты ықпалдастығы, соның ішінде алдағы сапардың күн тәртібі үкіметтер мен сыртқы саясат ведомстволары арасында егжей-тегжейлі пысықталып жатқанын жеткізді.