«Бағдарлы бағдаршам»

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Физули атындағы халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Құрал Көмек жырсүйер қауымға жақсы таныс. Бірнеше жыр кітабының авторы соңғы жылдары балаларға арнап өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер де жаза бастады.

Биыл ақынның балаларға арналған «Бағдаршам» атты көркем суретпен безендірілген жыр жинағы баспадан шыққан болатын. Жуырда Астана қаласындағы Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы департаментінің директоры Меруерт Асқарбекқызының ұйымдастыруымен Оқушылар сарайында «Бағдаршам» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға республикамыздың бірнеше облыстарынан, қалаларынан білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары қатысты. Осы тұста айта кетерлігі, «Бағдаршам» кітабы біртұтас тәрбие ресурстары тізіміне енгізілді. Демек, жаңа жинақ ендігі жерде тәрбие құралы ретінде мектептерде де таныстырыла бастайды, қосымша сабақтарда көмекші құрал ретінде пайдаланылады деген сөз. Ал, министрлік өз кезегінде жинақты келер жылы баспадан шығаруға уәде етіп отыр.
Міне,  осы «Бағдаршам» кітабының таныстырылымы А.С.Пушкин атындағы көпсалалы кітапханасында да өтті. Шығармашылық кеште ақынның сөзіне жазылған әндер көптеп орындалды. Солардың ішінде Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығының курсанттары орындаған  Бағдат Алтаевтың «Жас сарбаздар» (өлеңін жазған Құрал Көмек) маршы келушілерді ерекше шабыттандырды. Патриоттық тақырыпқа жазылған бұл әнді бүгінде Қазақстан сарбаздары орындап жүр.
Шығармашылық кеште белгілі қаламгерлер Захардин Қыстаубаев, Бөрібай Оразымбетов, Момбек Әбдәкімұлы, Қабыл Дүйсенби, «Қазақ хан–батырлары» республикалық қоғамдық қорының төрағасы Бақыт Еспенбетов, сондай-ақ, үзеңгілес достары Жолдасбек Күздеубаев, Аманбек Ахметбаев, Айболат Маймақов сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Жастардың бос уақыттарын тиімді өткізу орталығының шәкірттері ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. 
«Бағдаршам» кітабының тұсауы кесіліп, шығармашылық кешке белсене қатысқан оқушыларға таратылды.
Пікір қалдырыңыз