Жол жөндеушілерге ескерту жасалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында автокөлік жолдарының жай-күйі  өзекті мәселе екендігін атап өтті.  Облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен жол жөндеу жұмыстарының сапасына байланысты жиналыс өтті. 

Күн тәртібінде 2 мәселе қаралып, жолдарды және көшелерді жөндеу барысындағы сапа бойынша мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жұмысын дұрыс атқара алмайтын мердігерлерге қатаң ескерту айтылды.
– Құрылыс кезеңінің аяқталуына шамалы уақыттың қалғаны белгілі. Жолдарды және көшелерді жөндеу барысында сапа бойынша мәселелер бар. Сәйкесінше жұмысын дұрыс атқара алмайтын мердігерлер де жетерлік. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы бойынша әлі де сын-ескертпелер азаймай отыр. Бұл бойынша үнемі айтып келемін, шешу жолдары да ұсынылуда. Мердігер мекемелер, өздеріңізге жүктелген міндеттемелерді сапалы әрі тиісті деңгейде атқару қажеттігін назарға алыңыздар, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Сонымен қатар, келесі жиналысқа дейін нақты нәтижелер болмаған жағдайда тиісті аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары мен бөлім басшыларына қатысты түпкілікті шешімдер қабылданатындығын ескертті.
Айта кетейік, биыл маусым айынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен автомобиль жолдары саласы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде, департамент тарапынан бірнеше тәуекелдер анықталды. Ол бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен арнайы жиналыс өткізіліп, іс-шара жоспары бекітілді. 

Пікір қалдырыңыз