Мақтааралда негізгі басымдықтар айқындалды

Мақтаарал ауданында мақта-тоқыма кластерін дамытуда 2024-2030 жылға дейін жалпы құны 70 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы арқылы 3020 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке қосымша 1 млрд. 862 млн. теңге салықтық түсімдер түседі деп болжануда. Бұл туралы облыс әкімдігінде Мақтаарал ауданының 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясы талқыланған мәжілісте айтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтааралдың даму қарқынын арттыру керектігін айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Біз Мақтаарал ауданын дамытуда негізгі басымдықтарды айқындап, жоспарлап алмасақ, экономикалық даму болмайды. Нақты ұсыныстар аз. Даму жоспарын нақтылап, күшейте түскен жөн. Мақта кластері, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеуге басымдық берілсін. Логистикалық әлеуетті көтеру де назарға алынсын. Жұмысты жандандырыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды жоспарды жетілдіруді тапсырды. 
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, «Cotton МАКТА» ЖШС тарапынан 2025-2026 жылдар аралығында жылдық қуаттылығы 10 мың тонна болатын жіп иіру фабрикасын салу жоспарлануда. «Global Textile» ЖШС тарапынан Бірлік ауылдық округінен 10 гектар жерге 13,8 мың тонна қатты және боялған жайма өңдеу фабрикасын салу жобасы әзірленуде. Бүгінгі таңға 10 мың тонна мақта шикізатын қабылдайтын бекет құрылысы жүргізілуде. «Тulpar textile» ЖШС 2025-2028 жылдары 5 мың тонна жіп иіретін фабрика салуды көздеп отыр. Ал, «Тамила» ЖШС 2026 жылы мақта қабылдау зауытын салуға ниетті. Сонымен бірге «Хлопко-ПромЮг» ЖШС, «ZHANNASYL TEXTILE» ЖШС және «ZHYBEK TEXTILE» ЖШС-лері де мақта кластері бойынша жобаларды жүзеге асырады. 
Даму стратегиясында инвестициялық жобаларға басымдық берілген. Мақтаарал ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 94,1 млрд. теңгеге 53 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 
Өнеркәсіп саласындағы 11 жобаның 7-еуі индустриалды аймақта орналасса, 4 жоба арнайы аймақтарда жүзеге аспақ. 
Егін шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша 2030 жылға дейін мақтаны 30 мың гектарға мөлшерлеп, яғни 3,7 мың гектарға азайтып, өнімділікті 60 центнерге ұлғайту жоспарланып отыр. 
Пікір қалдырыңыз