Қазақстан – Түркіменстан: көпжақты стратегиялық серіктестік тереңдей түсті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қазан күні ресми сапармен Түркіменстанға барды. Ашхабад әуежайында Қазақстан Президентін түркімен халқының көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.

Қазақстан Президенті мен Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасы Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты.
Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түркімен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түркімен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.
Сонымен қатар Президент биыл Астанада түркімен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасы бауырлас халықтардың тарихи және мәдени өмірінде жарқын із қалдырған белгілі тұлғалар, ойшылдар мен ақындар мұрасын сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор екеніне тоқталды.
Қазақстан Президенті ресми сапар аясында Түркіменстанның Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды. Президент Түркімен елінің басты ескерткішіне тағзым ету арқылы екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік екенін көрсетті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын ортақ мақсатқа қол жеткізу, яғни санқырлы мемлекетаралық байланысты мүлдем жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам деп атады.
– Қазақстан мен Түркіменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйей отырып, бауырлас мемлекеттер ретінде берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Біздің осынау ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік бағытында дамып келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу бар. Сонымен қатар Қазақстан Түркіменстанға экспорттың жалпы көлемін 80 тауар түрі бойынша 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Президент екі елдің іскер топтары арасындағы байланысқа қолдау көрсетудің маңызына тоқталды.
– Маған баяндалған мәліметке сәйкес, шағын және орта бизнес инвестициялық әлеуетке ие екенін көрсетіп отыр. Былтыр Қазақстан компанияларының Түркіменстанға бизнес туры ұйымдастырылды. Осы орайда Қазақ-түркімен іскерлік кеңесі алаңында кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру аса маңызды. Іскерлік орта негізгі қозғаушы күшке айналуы керек. Екі елдің ірі коммерциялық және ұлттық компанияларының күш-жігерін өнеркәсіп, құрылыс, логистика, байланыс және экономиканың басқа да салаларындағы нақты жобаларды іске асыруға жұмылдырған жөн деп санаймын. Бүгін қол қойылатын Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісім бұл үдеріске тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дәйекті түрде дамып келе жатқанын, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, туысқан түркімен халқын әйгілі ақын Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Ал, Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Президентінің Түркіменстанға сапары екіжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан маңызды деп санайды.
– Қазақстан Президентінің ресми сапары елдеріміз арасындағы тату көршілік пен тығыз әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға, серіктес салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге, перспективті бағыттарды дамытуға оң әсер етеді. Қазақ-түркімен қарым-қатынасы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Осы уақыт ішінде шынайы бауырластық байланыс қалыптасты. Қос мемлекет пен халықтарымызды географиялық орналасуы ғана емес, біртұтас тарихи тағдырластықты сезінуі мен бір-біріне қажет екенін түсінуі біріктіреді. Біз ортақ құндылықтарымызды қастерлейміз, бабалардан мұраға қалған дәстүрімізді құрметтейміз әрі мұқият сақтаймыз, – деді Сердар Бердімұхамедов.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыланды. Газ саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, өзара сауда мен екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемін жүйелі түрде арттыру, сондай-ақ өңір-аралық ықпалдастықты жандандыру мәселелеріне айрықша мән берілді.
Келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдады.
Сонымен қатар екі елдің делегация мүшелері үкіметаралық, ведомствоаралық және өңіраралық деңгейдегі құжаттарға қол қойды.
Пікір қалдырыңыз