Көңіл толқынын қозғаған «Вальс королі»

Әтіргүл Тәшім,
«Оңтүстік Қазақстан».
Түркістан музыкалық драма театрының IV маусымы көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына негізделген драматург Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» қойылымымен ашылды. Жәдігер шаһардағы жаңа театрда қойылым төрт күн бойы аншлагпен өтті.
Пьесаның әу бастағы атауы – «Ән-ғұмыр» болған. Халық ән мен вальс падишасы деп таныған ұлы сазгерді ұлықтау мақсатында, автордың келісімімен қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгертіліпті. Қоюшы режиссері – Карло Шакаллуга.
Қойылым Шәмші Қалдаяқовтың бай шығармашылығы мен әуелеген әнмен өрілген тағдырынан сыр шертеді. Әкесі Қалдаяқ тұңғышына ырымдап Жәмшид патшаның атын қойған. Бүгінде ол ел билеген патша емес, елдің жүрегін билеген ән әлемінің падишасына айналды.
...Шәмші жастайынан әкесінің домбыра, сырнайын тартып, анасының «Қорланын» тыңдап өседі. Бойына дарыған таланты оны өнер жолына жетелейді. Сазгердің туған жеріне деген сүйіспеншілігі, анаға деген сағынышы, албырт сезімі мен өмірді терең түйсінуі жүректің нәзік қылын шертер ең үздік әндерінің шығуына арқау болды. Оның әндеріне Мұзафар Әлімбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергеновтей талантты ақындар сөз жазды. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта» деп ақын жырлағандай, қойылым барысында әр әннің туу тарихы қисынды келтіріліп, нанымды суреттеледі. Әсіресе, «Менің елім» әнінің қалай туғанын баяндайтын сахна әсерлі шықты. «Менің елім, менің жерім!» деп залда отырған әрбір көрерменнің кеудесінде таныс әуен төгіле жөнелді. Советтік отарлау жүйесіндегі сол бір жылдары егемендікті аңсаған елдің рухын көтеріп, патриоттық сезімін арттырған өлең бүгінде қазақ елінің Әнұранына айналды. Сазгердің 40 жылдан астам шығармашылық қызметіндегі ең танымал өлеңдерінің шығу тарихы мен тағдыры музыкалық драмада айшықты сахналар арқылы әдемі өрбиді.
Драмада ұтымды режиссерлік шешімдер баршылық. Соның бірі сазгердің сатылап өсуі мен өмір жолдары: бала Шәмшіні орта жастағы шығармашылығы шырқау биікке көтерілген Шәмші алмастырады, кемел Шәмшіні дерт меңдеген, бар ғұмырын сарапқа салған қарт Шәмші сахнада сәтті алмастырады.
Басты кейіпкер өмірінің үш кезеңін Қадыржан Төреханов, Данияс Нұрқабден және Әли Марат сомдады. (Брифингтен білгеніміздей, Шәмшінің қартайған, ауырып жадап-жүдеген кезін дәл жеткізу үшін актер Әли Мараттың 15 келідей салмақ тастап, арықтауына тура келген). Әрине, жанкештілік – зор еңбек. Шәмшінің орта жастағы шағын ойнаған әртіс Данияс Нұрқабденнің актерлік шеберлігіне тәнті болдық: «Осы күнге дейін мені біреу бақытты етті десем, өтірік болар. Ешкім ренжітпеді десем, ол да өтірік. Мен қанша ән жазсам, сонша рет жылаған болуым керек» деген ән падишасының (Д.Нұрқабденнің) аузынан жалын атқан сөздер ондыққа дөп тиіп жатты. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетті. Композитордың кеудесін жарып шыққан әрбір әуен, әр ән – көңіл толқындарын қозғайды, сырлы сезімге ұласады. Қойылымда эпизодтық кейіпкер зағип жігіттің көрінісі де әсерлі. «Ол адам өлгенімен, оның аты да, әндері де өлмейді. Өйткені, оның әндерінде Адамға деген шексіз махаббат бар. Сезім мен сүйіспеншілікке толы мәңгілік махаббаттың әуендері ғой – ол!» деген қойылымдағы зағип жанның сазгер туралы жан сыры тұтас ұлттың Шәмшіге берген бағасы деуге келеді. Аңыз адам, көрнекті композитор туралы қойылымда сахнада кәсіби музыканттардан құралған ансамбльдің (жетекшісі – Ардақ Балажан) Шәмші әндерін әуелетіп, сахнаны әуенге бөлегені жарасымды болды. Бұл да бір драма мен музыканың гармониясын танытқан ұтымды режиссерлік шешім.
Қойылымда театрдың жаңадан құрылған музыкалық ансамблі мен актерлік құрам хоры Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындады. Спектакль кейіпкерлерін толығымен театрдың өз актерлері ойнады, бұрынғыдай басты рөлдерге танымал театр әртістерін тарту үрдісі байқалмады. Осыдан төрт жыл бұрын өнер әлеміне апыл-тапыл қадам басқан бала театр алға қарай адымдай басқан кемел жанға ұқсап, даналыққа ұмтылғандай. Біз бұған дейін де көрнекті композитор туралы ел театрларында бір-екі қойылымды көрген едік. Алайда, бұл «Шәмші» олардан өзгерек. Әдетте, біздің сахнагерлер бояуын қалыңдатып, композиторды өшін ішімдіктен алатын күйрек, өнері мойындалмай, өмірден тек теперіш көрген кейіпте танытып кел-ді. Ал, италиялық режиссер «алтын аралықты» сақтаған, қайшылықты тағдыр иесінің қалтарыстарын нәзік иірімдермен жеткізеді, өнері бағаланбаса да мойымайтын өршіл, рухы биік, қайсар тұлға кейпінде танытады.
«Вальс королі» музыкалық драмалық спектаклін қоюға халықаралық деңгейдегі көптеген тәжірибелі мамандар атсалысқан. Идея авторы – театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова. Спектакльдің сценографиясын қойған – Италияның «Architizer Prize and A.I.A Middle East» марапаттарының жеңімпазы «Gio Forma» студиясы, жарық жөніндегі суретшісі – Gaetano La Mela. Қоюшы хореограф – театрдың бас балетмейстері Мәдина Муратбекова. Музыкасын өңдеген – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ербол Мұхамедиев. Хормейстер – Ұлжан Болатханқызы.
Түркістан қаласы.