ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірге келген іссапарында «Жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Ол үшін жастарды олардың өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек» деп айтқан болатын.

Осы орайда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік грантпен оқу орындарын үздік аяқтаған түлектер уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес (GPA 3.33-тен жоғары) оқу нәтижесімен оқуын бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз қабылдана алады.
Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Бүгінде, Республикада 200-ден астам түлек аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі және басшылық емес лауазымдарға конкурстық іріктеусіз қабылданса, оның 25-ке жуығы Түркістан облысына тиесілі.
Олар, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық инспекциясы, Санитариялық-эпидемиолгиялық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Сауран ауданының білім бөлімі, Бәйдібек, Түлкібас, Ордабасы, Сауран, Сайрам, Отырар, Қазығұрт, Төлеби, Жетісай, Келес, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласындағы  жергілікті атқарушы органдардың төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қабылданды.

Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттік саясатты қалтқысыз жүзеге асыратын, мемлекет және халық тарапынан сенім білдірілген, заңмен үлкен жауапкершілік артылған тұлғалар. Сондықтан да әрбір мемлекеттік қызметші мінсіз қызметімен, жұмысындағы жақсы көрсеткіштерімен көрінуі тиіс. Өйткені, мемлекеттік қызметші жай қызметкер емес, ол – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, оның басты ұстанымы – өз қамы емес, елдің қамы, мемлекет мүддесі, өзі қызмет атқаратын мекемесінің абыройы болуы қажет. Мемлекеттік қызметтің мәртебелі міндет екенін әр мемлекеттік қызметші көкейінде ұстаған абзал.

Осы орайда, жалынды, біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мол жастарды ел игілігі жолында қызмет жасау үшін мемлекеттік қызметке шақырамын.

Абылайхан Наурызбаев
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы
Пікір қалдырыңыз