Ақсақалдар – даналық пен ізгіліктің символы

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы өтті. 

Іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева және қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, сондай-ақ, Ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Келелі кеңесте сөз алған ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Қазақстанның әр өңірінен келген абыз ақсақалдардың жаңа «Достық үйіндегі» отырысы жақсылықтың нышаны екенін айта келе, бұл нысан барша түркістандықтардың бас қосатын берекелі ғимаратына айналатынына сенім білдірді. 
– Қазақ қоғамында ақсақалдар – даналық пен әділдіктің символы. Олар бейбітшілік пен бірлікті сақтай отырып, ел арасындағы мәселелерді шешуде әділ төрелігін айтқан. Бүгін де сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз жастарға дұрыс жол сілтеп, ұлттық құндылықтарды, әділеттілікті санасына сіңіруге септігін тигізе алады. Бұл орайда, аса маңызды міндетіміз – адал азаматтарды тәрбиелеу. Президент айтқандай, «Адал азамат» – бұл ең үздік қасиеттерге ие, адал еңбек етіп, табысқа жетіп, адалдық пен әділеттілікті бәрінен жоғары қоятын тұлға». Ақсақалдар кеңесінің қызметі аясында әрбір азаматтың санасына осы құндылықтарды тыңғылықты жеткізу – біздің ең басты міндетіміз. Сонымен қатар, қоғамдағы бес әлеуметтік кеселмен жалпыұлттық күреске жұмылу, Президент жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы аясында әр өңірде елге сыйлы еңбек адамдарын дәріптей отырып, жастарға кәсіби бағдар беріп, еңбексүйгіштікке баулу маңызды, – деді Марат Алмасұлы.
Ғалым Шойкин өз сөзінде ақсақалдардың этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы рөлінің маңыздылығына тоқталып, олардың қатысуы қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін атап өтті. 
Басқосуда еліміздің әр аймағынан келген ақсақалдар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, ел бірлігін нығайту жолында халықпен, мемлекеттік құрылым өкілдерімен кездесулердің маңызы жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Жалпы, өңірлік Ақсақалдар кеңесінің өкілдері отырысқа оң баға беріп, мұндай іс-шараларды алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді ұсынды.
Пікір қалдырыңыз