Ел кубогі сарапқа салынды
Түркістанда олимпиадалық стандартқа сай жаңа ескек есу арнасында параканоэ есуден (тірек-қимыл аппараты зақымдалған адамдарға арналған ескек есу түрі) ел кубогі жолындағы бәсеке мәреге жетті. Бәсекенің соңғы күнінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сайыс қорытындысында жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды арнайы барып құттықтады. Сондай-ақ, аталған жарысты халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының (ICF) вице-президенті, спорттық басқару профессоры Сесилия Фариас арнайы келіп тамашалады.
– Түркістандағы ескек есу каналында алғашқы сайыс ұйымдастырылып, ол жоғары деңгейде өтті. Бүгінгі бәсекеге еліміздің басқа өңірлерімен қатар көршілес Өзбекстаннан спортшылар қатысып отыр. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан спорттық жарыстарға қолдау көрсету тоқтамайды. Ескек есу каналының құрылысы толық аяқталса, ол Орталық Азиядағы үздік спорт кешендердің бірі болмақ. Мұнда ескек есу спортынан жарыстар өткізіп, туризмді дамытуға мүмкіндік тумақ, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.
Тартысқа толы бәсекенің нәтижесінде біздің елдің спортшылары 6 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде еншіледі. Оның ішінде Түркістан облысының құрамасы 3 алтын, 1 күміс медальді иеленді. Атап айтқанда, Жалғас Тайкен, Бибарыс Сыпатай, Жаңыл Балтабаева сынды дарынды өрендер чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады.
Жарыс барысында облыс әкімінің орынбасары ескек есу каналын аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінгі таңда мұнда құрылыс жұмыстарының 1-кезеңі аяқталып, облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне берілген. Нысан құрылысы жалпы ІІІ кезеңге жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.
Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық аумақта орналасқан.
Айта кетейік, атақты спортшы Сесилия Фариас Түркістан облысында су спортын дамыту бойынша төрешілерге арналған теориялық-практикалық семинар өткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.