Жүзім шаруашылығын қалай дамытамыз?

Сарыағаш ауданында жүзім шаруашылығын дамыту бойынша семинар-кеңес өтті. Оған аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, шаруалармен пікір алмасты. Семинар барысында аудан әкімі жүзім шаруашылығының маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі таңда ауданда 627,9 гектар алқапта жүзім өсірілуде. Оның 379,0 гектары «Silk Alley» Винный завод» ЖШС-іне қарасты шарап зауытына, ал, 248,9 гектары ауданымыздағы ұсақ шаруашылықтарға тиесілі. Шикізаттың болмауына байланысты Жібек жолы ауылында орналасқан «Жетісу» ЖШС-іне қарасты ірі шарап зауыты жұмысын тоқтатып, ол аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Сарыағаш ауданының климаты да, топырағы да жеміс-жидек пен жүзімнен мол өнім алуға қолайлы. Жоғары агротехникалық шараларды қолдану нәтижесінде сапасы дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келетін өнім өндіруге әбден болады.
Қазіргі уақытта ауданымызда ағын су жетіспеуіне байланысты игерілмей жатқан жерлерде тамшылатып суару әдісін пайдалана отырып, жүзім шаруашылығын жүргізуге мүмкіндік мол, – деді Арман Абдуллаев.
Сонымен қатар аудан әкімі өңірде жүзім шаруашылығын дамыту үшін арнайы делегация Өзбекстан Республикасының Ферғана облысына барғанын айтты. Онда делегация мүшелері жүзім шаруашылығын дамыту бойынша тәжірибе алмасқанын жеткізді. Арман Абдуллаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы Дербісек, Қабланбек, Тегісшіл ауылдық округтерінде жүзім шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарды 2,5 пайыздық несиемен қамтуға болатындығын атап өтті.
Аталған жиынға бірқатар шаруа қожалықтары басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Семинар барысында әр шаруа өз тәжірибесімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Бүгінде «Сұңқар» ЖШС-іне қарасты шарап зауыты ауданда жүзімнің болмауына байланысты толық қуатында жұмыс істемей тұр. Сондықтан жүзім Отырар, Түлкібас, Төлеби, Жетісай аудандарынан тасымалдануда. «Сұңқар» ЖШС шарап зауытының құрылтайшысы
Д.Исабаев пен шарап зауытының басшысы Н.Әліқұл шаруалардың өнімін сатып алуға дайын екендіктерін жеткізді.