АЭС САЛҒАН ЖӨН, БІРАҚ, ЕСКЕРЕТІН ТҰСТАРЫ ДА АЗ ЕМЕС

Басқосуда азаматтық қоғам өкілдері Қазақстанда АЭС құрылысын салудың тиімділігі мен кері әсері жөнінде өзара пікір алмасты.

Түркістан облысының азаматтық орталығында азаматтық қоғам ұйымдары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен «АЭС-тің оң және теріс ықпалы» тақырыбында бейресми кездесу ұйымдастырылды. Басқосуда азаматтық қоғам өкілдері Қазақстанда АЭС құрылысын салудың тиімділігі мен кері әсері жөнінде өзара пікір алмасты.



Әлихан ӘБДЕШОВ, «Өгем» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Төлеби ауданы:

-Өздеріңізге мәлім, АЭС-ке келгенде көпшіліктің пікірі қақ жарылып отыр. Бірі оның энергия тапшылығы шешудегі рөлін алға тартса, екінші тарап қауіпсіздігіне алаңдаулы. Дегенмен, билік өкілдері алдағы уақытта энергия тапшылығы болуы мүмкін екенін алға тартып, АЭС-ті салу қажеттігін ұсынып отыр. Жөн-ақ. Дегенмен, АЭС-ке оң көзбен қарағанымызбен, әлі де ойланатын тұстары бар. Сондықтан бұл мәселеде асығыстық танытуға болмайды.

Гулия ТӘЙТЕЛИЕВА, Ордабасы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы:

-АЭС салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бірақ, содан бері әлі бір шешімге келгеніміз жоқ. Бұл мәселе 6 қазан күні өтетін республикалық референдумда шешілмек. Қазір әлеуметтік желілерде АЭС-ке қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Жасыратыны жоқ, көпшілігі оның теріс әсерін жиі сөз етеді. Ал, нағыз осы сала мамандарының талдаулары өте аз. Сондықтан әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде мамандардың АЭС құрылысына қатысты пікірлері көптеп берілуі керек. Көпшілік сонда ғана АЭС төңірегінде жел сөздің анық-қанығын сараптай алар еді.


Ақмарал ӘБДІНӘБИЕВА, «Жігерлі ел» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Түркістан қаласы:

- Экономикамыз ілгерілеп, санымыз өскен сайын электр энергиясына деген қажеттіліктің арта түсетіні белгілі. Әрине, бұл тұрғыда АЭС-тің қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Меніңше, АЭС-тің салынғаны дұрыс. Бірақ, оның төңірегіндегі сыртқы саясат, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік мәселелерінде мін болмауы тиіс.



Гүлнар НИЯЗОВА, «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Кентау қаласы:

- АЭС-тің аты аталса болды, басымызға Семей полигоны туралы ойдың келері сөзсіз. Бірақ, АЭС салу – басқа мәселе. Байқап жүргеніміздей, көпшілігі АЭС салуға келгенде, Чернобыль, Фукусимодағы апатты жағдайларды алға тартады. Әрине, адамзат қоғамының алға дамуы үшін ондай трагедиялардың болуы заңдылық. Сондықтан АЭС салу жобасын қолдау керек. Осы АЭС арқылы көптеген проблеманың шешімі табылатынын ел болып түсінуіміз қажет.



Құрал ӨТЕГЕН, «Төрткүл ауыл округі» қоғамдастық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ордабасы ауданы:

-АЭС салу керек пе, әлде керек емес пе деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Бұқара арасында мұны әлі де түсінбейтіндер көп. АЭС салу кезек күттірмес мәселе дегенімізбен, оның күрмеулі тұстары жетерлік. Біріншіден, «АЭС-ті кім салады?» деген сұраққа әлі жауап жоқ. Екіншіден, құны. Үшіншіден, мамандар тапшылығы. Міне, билік осы сұрақтарға нақты жауап берсе, халық 6-қазан күні нақты таңдау жасайтын болады деп ойлаймын.



Ұлдықыз ЗЕЙНЕДИНОВА, «Мейірім жастар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Шардара ауданы:

-Жалпы, атом электр стансасының салынуына қарсы емеспін. Қаншама жұмыс орны ашылып, халық әлеуметтік жағдайы көтерілер еді. Сондықтан бүгінгі ғылым барлық қауіпсіздіктерді ескереді деп ойлаймын. Әр нәрседен қорқа берсек, бәрінен құр қаламыз.



Сәбира БАЙЗАХОВА, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Шымкент қаласы:

-АЭС-тің салынуына қарсы емеспін. Өйткені, бұл- уақыт талабы. Еліміздегі көмір мен газдың қоры шексіз емес, олар да бір күні сарқылады. Ал, бізде уран мол. Осыны неге пайдаланбасқа?


Нұрболат ҚАЙРАМБАЕВ, «Ақ Мейір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түлкібас ауданы:

-АЭС – болашағымыз үшін қажет деп ойлаймын. Себебі, бізге тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде АЭС өте қолайлы. Жер астындағы қисапсыз байлықты елдің игілігіне жарату үшін бізге көп мөлшерде электр энергиясы қажет. Энергияны пайдалану деңгейі өсе берсе, алдағы уақытта тапшылық туындауы мүмкін. Сондықтан АЭС салынуы керек.



Владислав ГОЛЯРКО, «Generation» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Сайрам ауданы:

-Егер АЭС салынса, біраз мәселенің түйіні табылғалы тұр. Әсіресе, бұл энергетика саласына қатысты. Бұл жағынан алып қарағанда, бізге АЭС салу өте тиімді. Сондықтан АЭС салуға қарсы емеспін.



Дайындаған Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».     

Пікір қалдырыңыз