Өндірістік парк
Облыс әкімінің қолдауымен инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Сауран ауданында «Өндірістік парк» құрылысы жүргізілуде. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және жалпы көлемі 66 мың шаршы метрді құрайды. Парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған. Жалпы өндірістік парктің құны 13 млрд. теңгені құрайды және оның құрылысы аяқталғанда 1 теңге бюджеттік қаржыға шамамен 7,5 теңге жеке инвестиция тартылады деп күтілуде. Қосымша 70 гектар жер телімі анықталып, ұлғайту жоспарлануда. Маңызды жоба облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда. Өңір басшысы құрылыс барысын бақылап, жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Өндірістік парк аумағында әкімшілік ғимаратын салу да жоспарда бар. Ғимаратта жобаға қатысушылар өндірген өнімдерінің көрме залы ұйымдастырылатын болады.
Ауқымды құрылыс «Түркістан» әлеуметтік корпорациясы және жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Маңызды жоба 3 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 23 мың шаршы метр қолданысқа берілді. Бір ғимараттың жалпы ауданы 1 584 шаршы метр. Бүгінгі таңда 6 жоба іске асырылып, 30,7 млрд. теңгеге инвестиция тартылған және 550 жаңа жұмыс орны құрылуда.
Қазіргі уақытта өндірістік алаңда жұмыс істеп жатқан бірқатар кәсіпкерлер бар. Елімізде алғаш ашылған су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» ЖШС кәсіпорны осында орналасқан. Жалпы, инвестиция құны 11,1 млрд. теңгені құрады. Түркістандық 100 тұрғын жаңа жұмысқа орналасты.
«Aqniet Holding» ЖШС (инвестиция құны 3,1 млрд. тг, 100 жаңа жұмыс орны) мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаз өндіретін кәсіпорын, украиналық «UBC Group» компаниясы (инвестиция құны 10 млрд.тг, 350 жаңа жұмыс орны) өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін кәсіпорын парк аумағында өз жұмыстарын бастап жатыр. Бұдан бөлек медициналық өнімдер, бөлмеаралық есіктер және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар да жұмысын бастады.
Ауқымды құрылыстың екінші кезеңінде осы жылы жалпы аумағы 25 мың шаршы метр болатын 12 ғимарат салу жоспарлануда. Аталған ғимараттарға инвесторлар іріктелініп алынды, құрылысы аяқталған соң 1000 жаңа жұмыс орны ашылады (инвестиция құны 32,3 млрд. тг).
Ал, үшінші кезеңде, 2025 жылы 14 ғимаратты іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлер инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындарына қызығушылық танытатыны күмәнсіз.
Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді.