Салада үлкен жақсылықтардың нышаны сезіледі

Бауыржан Ерман,
«Оңтүстік Қазақстан».

Биыл Түркістан облысының диқандары 873 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның 497 мың гектарына жаздық, 202 мың гектарына күздік бидай егілсе, 175 мың гектарға жоңышқа егілді. Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру үшін рентабельді дақылдарға көшу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, масақты дақылдар 8 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 6 мың гектарға, көкөніс, картоп және бақша дақылдары 3 мың гектарға артығымен егілсе, мақта алқабы 11 мың гектарға және майлы дақылдар 6 мың гектарға қысқартылған. Мұны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов баспасөз жиынында мәлім етті. 

Басқарма басшысының айтуынша, биыл тыңайтқыштар құнын субсидиялау үшін облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге бөлінген. Тиісінше сатылып алынған отандық тыңайтқыштар құнының 60 пайызы және шетелдік тыңайтқыштардың 50 пайызы субсидияланған. Нәтижесінде егістікке 105 мың тонна тыңайтқыш енгізіліп, 7 348 тауар өндірушіге қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, тауар өндірушілер жаздық дақылдар тұқымымен толықтай қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, егіске қажетті 7,8 мың тонна масақты дақыл, 1,5 мың тонна мақсары, 2,6 мың тонна мақта, 1,5 мың тонна жоңышқа және 0,9 мың тонна жүгері тұқымы пайдаланылған. Тұқым шаруашылығын қолдау үшін облыстық бюджеттен 600 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытқа дейін 200 шаруашылыққа мақта және жүгері тұқымдары үшін 240 млн. теңге субсидия берілген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 29,7 мың тонна, жиын-терім жұмыстарына 23,3 мың тонна жанар-жағармай босатылған. 
– «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасымен 1863 жобаға 14,8 млрд. теңге қаржы берілді. «Кең дала – 2» бағдарламасы арқылы қосымша 10 млрд. теңге бөлініп отыр. Несиелік қаржы тауар өндірушілердің тыңайтқыштарды сатып алуына және жиын-терім жұмыстарына бағытталуда. Бүгінгі күнге дейін құны 3,8 млрд. теңгені құрайтын 99 өтініш түсті. Мұның 3,2 млрд. теңгені құрайтын 89 жобасы мақұлданып, 69 жобаға 1,5 млрд. теңге берілді. Еліміз бойынша астық ору науқаны ең бірінші Түркістан облысында басталып, 282 мың гектар алқапқа орақ түсті. Гектар түсімділігі 25 центнерді құрап, 716 мың тонна дән жиналады деп болжанып отыр. Бірер күн бұрынғы дерекке сәйкес, жоспарланған егістік көлемінің 248,2 мың гектары орылып, 624 мың тонна астық қамбаға түсті. Сондай ақ, биыл 3,5 млн. тонна көкөніс, бақша және картоп өнімдері жиналады деп жоспарланды. Бүгінгі күнге дейін 423 мың тонна көкөніс, 1,5 млн. тонна  бақша өнімдері, 258 мың тонна картоп және 90 мың тонна жеміс-жидек жиналды. Биыл жаңбырдың көп түсуіне байланысты 1,5 жылға жететін жем-шөп жинап алуға мүмкіндік бар. Осы ретте 5,1 млн. тонна мал азығын жинау жоспарланып, бүгінгі күнге дейін оның 4,7 млн. тоннасы жиналды, – деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Бүгінде өңірде 25 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасы бар, оның 12 175-і трактор, 1 667-сі комбайн және 11 525-і тіркемелер мен агрегаттар. Инвестициялық субсидия, несие және ауыл шаруашылығы техникалары лизингінің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламалары техника паркін жыл сайын 5-6 пайызға жаңартуға мүмкіндік беруде. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы алты айында шаруалар 800-ге жуық жаңа техника сатып алған. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан қолжетімді лизингтік бағдарлама іске қосылған. Жылдық үстемесі 5 пайыздық несие 7 жыл мерзімге дейін беріледі. Ал, «Инвестициялық субсидия» бағдарламасы арқылы сатып алынған техникалар мен құрал жабдықтар құнының 25-30 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. 
Жылыжай шаруашылығы бойынша облысымыз республикада көш бастап тұрғаны баршаға мәлім. Атап айтқанда, облыстағы жылыжайлар көлемі 1 640 гектарды құрайды, бұл республикалық көрсеткіштің 71 пайызы. Биыл жылыжайларда 152,4 мың тонна өнім өндірілген. Жылыжай шаруашылықтарын дамытуға өткен жылы облыс әкімдігінің ұсынысымен Үкімет тарапынан қабылданған кешенді шаралар оң ықпалын тигізіп келеді. Біріншіден, «Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты» бекітілді. Екіншіден, жылыжай шаруашылықтарын жылыту шығындарын қолдау үшін субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Сәйкесінше, фермерлік жылыжайларға гектарына 4,8 млн. теңге, өндірістік жылыжайларға 8,1 млн. теңге бөлініп жатыр. Бюджеттік бағдарлама аясында 2023 жылы 932 млн. теңге бөлінсе, биылға 4,3 млрд. теңге қаралған. Бұл қаржы 31 гектар өнеркәсіптік, 849 гектар фермерлік жылыжайларға үлестіріледі. 
Спикердің сөзіне сүйенсек, «ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, 2030 жылға қарай Түркістан облысындағы 216,3 мың гектар егістікке су үнемдеу технологияларын енгізу қарастырылған. Ал, биыл 22 мың гектарға су үнемдеу технологияларын орналастыру жоспарланып, жарты жыл ішінде 13,1 мың гектарға заманауи жабдықтар енгізілген. Сонымен қатар өңірде су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар да ашылуда. Айталық, жыл басында «BNK Group LTD» ЖШС-ның құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Олар жыл соңына дейін құны 2 млрд. теңгені құрайтын, жылына 50 мың гектарға дейін тамшылатып суару технологияларын әзірлейтін тағы бір кәсіпорын ашпақ. Одан бөлек «Тұран су» мекемесі 600 млн. теңгеге жылына 9 мың гектарға жететін тамшылатып суару жүйесін өндіретін зауыт салмақ. Демек, бұл кәсіпорындар келер жылдан бастап көршілес облыстардың да сұранысын қанағаттандыратын болады. 
Нарықты отандық өнімдермен толықтыруда ауқымды инвестициялық жобалардың да маңыздылығы жоғары. Сондықтан 2024–2026 жылдар аралығында жалпы құны 507,3 млрд. теңгені құрайтын және 8300 жаңа жұмыс орны ашылатын 105 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде құны 114,2 млрд. теңгені құрайтын 45 жобаны биыл іске асыру көзделген. Алғашқы алты айда оның 13-і іске қосылып, 136 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға кредиттер беру бағдарламасы бойынша былтыр ел қазынасынан 6 млрд. теңге бөлініп, 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бұл фермалар сүт өнімдерінің көлемін 12,6 мың тоннаға арттырмақ. Одан бөлек, елімізге белгілі «Бөрте Милка» ұжымы ірі қаралардың санын 403-ке көбейтпек. Ал, «БНК АГРО KZ» ЖШС-нің 406 ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасына 136 ірі қара сатып алыныпты. Жыл соңына дейін бұл жобалар толығымен жүзеге асырылмақ. Жалпы, биыл құны 16,2 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны қолдау үшін республикалық бюджеттен 10,6 млрд. теңге бөлінген.
Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, Түркістан облысы мал шаруашылығын дамыту бойынша да республикада алдыңғы қатардан көрінген. Сәйкесінше, еліміздегі ірі қараның 14 пайызы, уақ малдың 23 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 12 пайызы және сүттің 14 пайызы өңір үлесінде. 
– Ет экспорты бойынша облысымыз республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара етінің 80 пайызы, және уақ мал етінің 75 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Алғашқы алты айда 5.2 мың тонна ірі қара еті, 2,5 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды. Ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі түрде дамыту жұмыстары оң септігін тигізуде. Облыста 9183 ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның 9148-і 400, 13-і 400-1000, 22-сі мыңнан да көп ірі қараға лайықталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да ауыл тұрғындарының табысы мен әл-ауқатын арттыруға серпін берді. Биыл бұл бағдарлама бойынша өңірімізге 10,6 млрд. теңге бағытталып отыр. Жобаға 62 ауылдық округ пен 62 кооператив қатысып, қаржыландыру 6 бағыт бойынша жүргізіледі. Соның нәтижесінде 1 215 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 701 жаңа жұмыс орны құрылады, АӘК алушылар саны 90 отбасыға немесе 360 адамға азайып, орташа жалақы 125 пайызға дейін көбейеді деп жоспарланған. Бір ерекшелігі, биыл бағдарлама электронды AMANATNESIE.KZ платформасы арқылы жүзеге асырылмақ. Электронды платформа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шағын бюджеттік кредиттер беру процесін жаңғырту және оңтайландыру мақсатында әзірленді. Бұл арқылы несиеге өтініш беру, қарау және басқару ашық әрі автоматтандырылған түрде қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда облысқа республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Былтыр 19,8 млрд. теңге бөлініп, 6 бағытта 3 256 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 3413 жаңа жұмыс орны ашылып, 75 кооператив құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 340 адамға азайды. Жалпы осы жобалар 30 млрд. теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік беріп отыр, – деді ол.
Ресми дерекке сүйенсек, алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы бойынша республикада алғашқы орынға шықты. Ауыл шаруашылығы саласындағы барлық өнім көлемінің өсімі 107,1 пайызды құрап, 216,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар салаға инвестиция тарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, негізгі капиталға 58,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 1,4 есе артқан. Бұл климаты шаруашылыққа қолайлы, адамдары еңбекқор өңірде алдағы уақытта жағымды жаңалықтар көп болатынының нышаны деп ойлаймыз.
Пікір қалдырыңыз