Азаматтар сан түрлі мәселе көтерді
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Азаматтардың проблемаларын тыңдап, жауапты сала басшыларымен бірге оны оңтайлы шешу жолдарын қарастырды. Өңір басшысы көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының жақсы болуы – біздің де қалауымыз. Облыс экономикасын дамытуда жергілікті тұрғындардың ұсыныстары маңызды. Айтылған өтініштер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, заң аясында шешімін табады, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Қабылдауға келген азаматтар сан түрлі мәселе көтерді. Басым бөлігі жайылым және суармалы жер проблемаларын, әлеуметтік түйткілдерді ортаға салды. Бірқатар мәселелер сол мезетте шешімін тапты.
Ордабасы ауданынан келген азамат «Ақбастау» жалпы білім беру мектебі және Аққойлы медициналық бекеті бойынша ұсыныстарын жеткізіп, жайылым жер және ауыл көшелерін жарықтандыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер алуға ықпал етуді сұрады. Бұл мәселе бойынша өңір басшысы іс бастаймын деген азаматтарға қолдау болатынын жеткізіп, бізнес-жобасын ұсынуды тапсырды. Отырарлық тұрғын Талапты ауылына спорт алаңшасын салу туралы ұсынысын жеткізді. Өтініш иесіне облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен бой көтеріп жатқандығы айтылды. Тағы бір азамат Бөген ауылындағы суармалы жер жайын айтып, каналдарды мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсынысын жеткізді. Дархан Сатыбалды аудан әкіміне негізгі және қосымша каналдарды мемлекет меншігіне қайтаруды және оларды «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізу бойынша жұмыстар жүргізуге тапсырма берді.
Сонымен қатар, жеке қабылдауда мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, аяқжол салу, ойын алаңшаларын орнату, денсаулық сақтау саласындағы проблемалар және коммуналдық мәселелер қозғалды.
Айта кетейік, облыс әкімі кестеге сәйкес аудан, қалалардың тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізіп келеді. Облыс әкімінің орынбасарлары да «Ашық әкімдік» кеңсесінде тұрақты түрде қабылдау өткізіп тұрады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.