Жүйткіген мопед, жүрексінген жолаушы

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».


Қазір халықтың басым бөлігі күнкөріс қамымен қара жолда жиі жүреді. Ал, сол жолда жүргіншімен қатар, көліктің де түр-түрі ағылып жатады. Олардың арасында кейбірі мақтан үшін, енді бірі күнделікті ас-суын ажырату үшін скутер, мопед, велосипед, самокат секілді мемлекеттік нөмір алмайтын көліктерді керектеріне жаратып жүр. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиі орын ала бастады. Одан зардап шеккендер мен аурухана төсегіне таңылғандар, тіпті, өмірден озып жатқандар да жоқ емес.

Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаң, «Мопедтің немесе скутердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды» деген ақпараттар алдыңнан андағайлап шыға келеді. Мұның көбі қалалы жерлерде орын алуда, алайда, мұндай келеңсіз оқиғалардан ауыл-аймақтар да кенде емес. Түркістан облыстық полиция департаментінің мына мәліметіне зер салайықшы: «Өкінішке қарай, қала көшелерінде жоғарыда аталған көліктердің қатысуымен болатын жол апаттары жиілеп кетті. Әсіресе, курьерлік жеткізу қызметі өкілдерінің әрекетінен болатын жазатайым оқиғалар көп. Облыс полицейлері тексеру жұмыстары аясында жол ережесін бұзған 300-ден астам мопед пен электроскутер жүргізушілерін анықтады. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 13 жасөспірімнің ата-анасы мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды». Ал, республика көлемінде мопед немесе скутер тізгіндеген жасөспірімдердің қатысуымен 154 жол-көлік оқиғасы орын алса, 180 бала жарақат алып, 10 бала қаза тапқан. 

Байқап жүргеніміздей, осы көліктерді пайдаланатындар жол ережелерін жиі бұзып жатады. Асығыстықтан алды-артына қарамайтын олар көліктердің арасымен жүйткігенде өз өмірлерін ғана емес, автокөлік жүргізушілерінің де өмірін қатерге тігетінін ойлап жатпайды. Бастысы, тапсырысты жеткізіп, азын-аулақ ақша тапса болғаны.

Жол ережесіне сәйкес, егер мопедтің қозғалтқыш көлемі 50 текше метрден асса, онда ол көлік ретінде полицияда тіркеліп, жүргізушісінен арнайы санаттағы жүргізуші куәлігі талап етіледі. Қаншама хаттама толтырылып, қаншасы айып тұрағына қойылғанымен, оны пайдаланатындар кез келген жерден жалға алып, жолға қайта шығып жатады. Өйткені, оларға тыйым салатын біздегі заң қатал емес. Бар заңның өзі орындалмай жатады. Ал, салдарын айтып жатудың өзі артық.

Мопедтің дәрежесі велосипедпен тең болғандықтан, оны жүргізетіндер арнайы жолақты емес, көбіне автомобиль жолдарын пайдаланады. Кейбір жасөспірімдер арнайы киімсіз, қос-қостан мінгесіп жүреді. Қаланы былай қойғанда, ауыл көшелерінде де машинаға жол бермей, адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалар жетерлік. Статистикаға сүйенсек, осындай көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары 4-5 есеге өскен. Күн жылынысымен бұлардың қатары, тіпті, көбейе түседі. Жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдарда адамдармен тайталасып жүретін бұларға жүргізуші куәлігін алуды міндеттемейінше, жол апаттарының азаймайтыны анық. Сондықтан «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, адамдар өз амандығына өзі ғана жауапты деуден басқа айтар сөзіміз жоқ.

Әшейінде өзімізді Еуропа елдерімен салыстырып, оларда «мұндай екен, сондай екен» деп көптеген дайын дүниелерді көшіріп ала беруге шеберміз ғой. Сол Еуропаңызда мопед немесе самокат мінетіндер үшін арнайы кате-гориясы бар жүргізуші куәлігі қажет екенін білесіз бе? Тіпті, іргеміздегі Ресейдің өзінде мопед міну үшін «М» дәрежелі арнайы куәлік алу міндеттелген. Осындай көліктерді тақымдағандардың дені тамақ пен тауар тасу қызметін атқаратыны белгілі. «Олар тапсырысты жылдам жеткізу үшін жылдамдықты арттырып, жол ережесін сақтамайды» деп ренжиді көлік жүргізушілері. Келесісі: «Жол ережесін сақтаған былай тұрсын, бұлар бағдаршамға да қарамайды. Көліктердің арасынан жүйткіп өтіп, жол-көлік апатын тудырады. Бүгінгідей қымбатшылық заманда ақша тауып жүр ғой. Барлығын жақсы түсінеміз. Бірақ, жол ережесіне бағыну керек қой» дегенді алға тартады. Әрине, сөздерінің жаны бар, бірақ, сол ережеге бағынып жүрген мотоцикл, мопед мінушілер жоқтың қасы... Бірақ, олардың да айтар өз уәждері бар. Олардың айтуынша, жеңіл көліктер жол бермейді. «Мопедтер жол ережесін сақтауға тырысады. Бірақ, жеңіл көліктер жол бермей, қысып кетеді» дейді олар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр маусым айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Заң талабына сәйкес, егер самокатпен жүргіңіз келсе, жолдағы жүргінші екендігіңізді ұмытпай, рөлді қос қолыңызбен бекем ұстап жүргеніңіз абзал. Ал, жолаушы тасымалдасаңыз, самокаттың арнайы құрылғысы болуы керек. Олар арқылы ені мен ұзындығы 50 сантиметрден аспайтын жүк тасымалдауға рұқсат етіледі. Бірақ, арнайы тіркемесі болмаса, мопедтерді, скутерлерді  және велосипедтерді сүйреуге болмайды. Жаяу жүргіншілер өткелінен өтуге де тыйым салынған. Жолға шыққанда арнайы каска киіп алу қажет. Дәл осындай тыйымдар мопедтер мен велосипед жүргізушілеріне де тікелей қатысты. 

Ал, оларға салынатын айыппұл көлемі қандай? Егер самокат тізгіндеушілер ережеге бағынбай, жолаушы мен жүк тасымалдаса, көлікті бас киімсіз айдаса, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 595-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Тәртіп бұзғаны үшін 5 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал, осы кодекстің 615-бабы, 1-бөлігіне сәйкес, велосипед, мопед және оларға теңестірілген көлік құралдарының жүргізушілері жаяу жүргіншілер жолында жол ережелерін сақтамаса, олар 2 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Егер жолаушы денсаулығына зиянын тигізсе, айыппұл көлемі 2 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін өседі.

Бүгінде арнайы тіркеуге тұрмай-ақ мопед тізгіндеуге болатындықтан, олардың аудан, қалаларда нақты есебі жоқ. Оның үстіне, мұндай көліктерді Қытайдан арзан бағада алдыру оңай. Ал, жауапкершілік дегенді сезіне бермейтін жасөспірімдердің мұндай тізгінді қолға алуларының соңы өкінішке соқтырып жатқанын ешкім білмей отырған жоқ. Бұл ретте баласының айтқанын екі етпейтін ата-аналарға да барынша жауапкершілік жүктеген жөн. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге мұндай көліктермен жолға шығуға тыйым салған абзал.

Пікір қалдырыңыз