Судың сұрауы бар

Өткен аптаның соңында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Министр Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округінде диқандармен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар жайын баяндады.

Министр елімізде ағын су тапшылығын болдырмау, су нысандарын реттеу, жөндеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Шаруалардың мәселесі әрдайым назарда тұрғанын айтты. Тұрғындардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдап, пікір алмасты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов маңызды жобаларға тоқталды. Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округінде «Түркістан» магистралды каналынан су алатын 113 арна мен 105,3 шақырымды құрайтын 18 дана қашыртқы және 72 дана тік дренажды ұңғыма (ТДҰ) бар. Олардың жалпы ұзындығы 335,7 шақырымды құрайды. 2019 жылы «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының» 2-кезеңінің құрылысы басталған. Жоба құны 10 487,8 млн. теңге. Бүгінге дейін мердігер мекеме – «Tunnel Sadd Ariana» тарапынан бірқатар жұмыс атқарылған. Бетондалған арналар 127,02 шақырымға жетсе, қайта тазаланған арықтар 99,21 шақырымды құрайды, арналарға 1164 дана су құрылымы орнатылған. 91,8 шақырым болатын 18 қашыртқы тазаланып, 9 көпір ағымдағы жөндеуден өткізілген. 72 дана ТДҰ қазылып, бұл көрсеткіш 100% орындалды. ТДҰ орнатылған трансформаторлық қосалқы стансаларының саны – 17. Электр желісі 113,26 шақырымға жүргізілген (97,3%). Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін 1587,7 млн. теңге қажет. Мәселе министрлік пен облыс әкімдігінің бақылауына алынған.
Жалпы, Сауран ауданы бойынша 1119 гектар жерге су үнемдеу технологиялары орнатылған. Атап айтқанда, тамшылатып суару 165 гектарды, жаңбырлатып суару 994 гектарды құрап отыр. Тамшылатып суару әдісі арқылы «Датқа» ЖК Қытай компаниясымен 7 жылға келісімшарт түзіп, биыл 133 гектарға мақта екті. Алдағы күзде 360 тонна өнім алу жоспарлануда. «Ақсақ керіз» шаруа қожалығы 25 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, 875 тонна қарбыз алуды көздеп отыр. «Өтеген» шаруа қожалығы 7 гектарға тамшылатып суару арқылы алма бауын егіп, жылына 37 тонна өнім алуды жоспарлауда.
Жаңбырлатып суару бойынша 994 гектар жерге мал азықтық дақылдары егілді. Жыл соңына дейін 5000 тонна мал азығын дайындау көзделуде.
Айта кетейік, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, облыста 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу қарастырылған. Биыл жаңадан 22 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Қазірге дейін 12,9 мың гектарға су үнемдеу технологиялар енгізілген. Атап айтқанда, 8 мың гектарға тамшылатып суару, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орнатылған. Сондай-ақ, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылуда. Жыл басында «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 млрд. теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты жобасы іске қосылды. Сонымен қатар, облыста ІІІ тоқсанда «BNK Group LTD» ЖШС мен «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің тамшылатып суару жүйесін шығаратын кәсіпорындары іске қосылады. Биыл инвестициялық субсидиялау қағидасына сәйкес, су үнемдеу технологияларына кеткен шығынды 80% субсидиялау бойынша облыстық бюджеттен 4 млрд. теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражат 3,1 мың гектарды субсидиялауға жетеді.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз