Орталықтың отбасыларға көмегі көп

Қайсар ШЕРІМ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ерғали Балабеков (суретте) Кентау қалалық әкімдігінің әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры болып 2022 жылы қыркүйек айында тағайындалған. Бұл кезде мекеме жаңадан құрылған еді.

– Ғимаратты жалға алып, жұмысты бастадық. Қазіргі таңда бізде төрт бөлім бар. Атап айтқанда, белсенді ұзақ өмір бөлімі, тең қоғам бөлімі, үйге арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімі және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі, – дейді Ерғали Оразбекұлы.
Тең қоғам бөлімі – мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейді екен. Мұнда мүгедектігі бар адамдар келіп, спортпен, қолөнермен шұғылданады, кітап оқиды, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды. Бұдан бөлек, басқа да қызмет көрсету түрлері бар. Мәселен, медициналық карталарын тексеріп беру, кез-келген жағдайда заңдық тұрғыда кеңестер беру көзделген.
Белсенді ұзақ өмір бөлімі қарияларымызға арналыпты. Зейнеткерлер үшін мұнда пайдалы демалыс ұйымдастырылады. Атап айтқанда, мұнда бильярд ойнайтын алаң,  жаттығу залы бар. Жыл сайын зейнеткерлер шипажайларға кезегімен жіберіледі.
Ал, арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімі – сүйенер тірегі жоқ жалғызілікті жандарға арналған. Қазіргі уақытта мұнда 340 қария тіркелген. Оларға арнайы әлеуметтік қызметкерлер тағайындалыпты. Олар қариялардың үйлеріне барып, жәрдем етеді.  Одан бөлек, мүгедектігі бар, яғни тірек-қимыл аппараты бұзылған, 18  жасқа толмаған 95 бала бар екен. Мұнда оларға да көмек көрсетіледі.
Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу бөлімі – отбасын қолдау бөлімі деп есептеледі.  
«Осы бөлім бойынша айтарым, яғни отбасыдағы зорлық-зомбылық бойынша бірінші этапта мамандарымыз зардап шегушінің үйіне барып көмек көрсетеді. Қайталанған жағдайда, яғни тағы 112-ге хабар келген кезде соттың шешіміне дейін зардап шегуші бізге келіп орналасады. Осы жерде психологиялық көмек алады. Былтыр 3 отбасы болды. Алдымен он күндей үйлеріне барып көмектестік. Нәтиже болмаған соң Шымкент қаласындағы арнаулы мекемеге үш айға жатқыздық. Екі отбасы қайтадан бас құрап, қалыпты өмірге оралды. Бір отбасыдағы отағасын осында емделуге жатқыздық» дейді аталмыш орталық директоры.

Пікір қалдырыңыз