Мырзағали АЙТЖАНОВ, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері: «Парижге жеттік, енді алғашқы жаттығуымызды бастаймыз»

Бокстан Қазақстан құрамасы Франция астанасы Париж қаласында орналасқан Олимпиада қалашығына жетіп, дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бұл туралы бізге ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтып берді.
«Франция астанасына аман-есен келдік. Құрама делегациясын әуежайда Қазақстанның Франциядағы елшілігінің өкілдері күтіп алды. Олимпиада қалашығының атмосферасы ерекше екен, құрама мүшелерінің көңілінен шықты. Қонақүй де жайлы, таза, ретті. Париждегі алғашқы жаттығуымызға кірісіп кеттік. 25 шілде күні жеребе тарту рәсімі өтеді. Жалпы, жарысқа дайынбыз» дейді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына бокстан ерлер құрамасы толық құрамда, яғни 7 салмақта, ал, әйелдер құрамасы 3 салмақта сынға түседі.
Ерлерден Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов, ағайынды Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғаса, әйелдерден Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова шаршы алаңға шығады.
Айта кетерлік бір жайт, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақ­стандық спортшыларымыздың алғашқы легі Париждегі олимпиадалық қалашыққа барып үлгерді. Бүгінге дейін Франция астанасына тек академиялық ескек есу, садақ ату, бокс, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тас жолдағы велоспорттан өнер көрсететін спортшыларымыз ғана жетті. Ойындардың ашылу салтанатына елімізден 47 спортшы қатысады. Жеңіл атлетикадан қатысатын отандастарымыз 29 шілде күні Францияға аттанады. Алайда, Ольга Сафронова салтанатты шеруде ту ұстайтындықтан, өзгелерден бірнеше күн ерте барды.
Ал, еркін күрес шеберлері 5 тамызда Алматыдан аттанса, брейкингтен сынға түсетін Амир Закиров 8 тамызда Парижге жетеді.
Кері бағытта елімізге бірінші болып 4 тамыз күні академиялық ескек есу мен дзюдодағы спортшыларымыз оралады.

Е.Қожахметұлы.
Пікір қалдырыңыз