Кеселмен күресте жаңа тәсіл керек

Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына үлкен кедергі келтіретін кеселдердің бірі. Сондықтан оны болдырмау, алдын алу мақсатындағы күрес бір сәтке де толастаған емес. Алайда, жемқорлықпен күрес жолға қойылғанымен, осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары да азаяр емес.
Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-  шаралар жиі өткізіліп тұрады. Оның ішінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар жариялау, жергілікті мемлекеттік  мекемелермен бірлесе отырып семинар сабақтар мен «дөңгелек үстел» мәжілістерін өткізу, заңсыз әрекеттерді кеңес талқысына салу үрдіске айналған. Осының өзі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға пайдасын тигізуде. Мұндай жұмыстардың нәтижесін халық та сезіне бастады. Енді осы қарқынды бәсеңдетіп алмай, керісінше, одан әрі ізденіп, күрестің жаңа тәсілдерін ойлап тапқанымыз жөн.
Әрине, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін заңға арқа сүйейтініміз анық. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Себебі, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік биліктің беделі мен мемлекеттік қызметтің абыройына үлкен нұқсан келтіреді. Экономиканың дамуына да кедергісі көп. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреттері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті. Лауазымды тұлғалар ғана емес, елінің ертеңі үшін елеңдейтін әрбір саналы адам жемқорлықты ауыздықтауға өздерінің лайықты үлестерін қосқаны абзал.

Сымбат ОРЫНБАСАР,
Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі
ауданаралық сотының жетекші маманы.
Пікір қалдырыңыз