Сыбайластарға кешірім жоқ

Ордабасы ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту бойынша кеңес өтті. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі Ерұлан Тұңғышбаев қатысты. Ерұлан Икрамұлы бірқатар заңнамалық өзгерістерге тоқталды.
Атап айтқанда, бұдан былай ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесіне жіберілмейді. Бұған заң бойынша тыйым салынды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға да жаза күшейтілді.
Сонымен қатар, Ерұлан Тұңғышбаев аудан активіне «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» міндетті базалық бағыты (ТБН-4) жобасы бойынша түсініктеме берді. Түсіндіре кетейік, 2021 жылғы 31 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидалары бекітілді. Оған сәйкес, барлық мемлекеттік органдар үшін орындалуы міндетті алты үлгілік базалық бағыт айқындалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» міндетті базалық бағыты бекітілген. ТБН-4 жобасы дегеніміз осы. Ал, оның тиімділігі неде, ведомство өкілі, міне, осыған тоқталды.
«Жобалық басқару – бұл, ең алдымен, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттырады, нақты нәтижелерге қол жеткізуге, сондай-ақ, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік беретін реформалардың маңызды кезеңі болып табылады. ТБН-4 шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторларда жемқорлықтың алдын алу жұмысын ұйымдастырудың сапасы арта түседі» деді Е. Тұңғышбаев.
Кеңес соңында Ордабасы ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Жұманәлі Кадиев ауданда сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Сондай-ақ, жемқорлық құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, кез келген азамат 1424 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуына болатыны айтылды.

А. ЖАХИЯҚЫЗЫ.
Пікір қалдырыңыз