Тұжырымдаманың ұтымды тұстары көп

Заңнамасы мықты, халқының құқықтық сауаты жоғары елдің келешегі де кемел болары анық. Әрине, қауіпсіз қоғам әрі жариялы орта қалыптастыру үшін күштік құрылымдардың жұмысы бір жүйеге түсіріліп, мәртебесі мейлінше нақтылануы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген Құқықтық саясат тұжырымдамасында бұл бағыттағы міндеттерді мінсіз атқарудың жолдары жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ, тұжырымдамада заңнамаларды одан әрі жетілдіруге ерекше басымдық берілген.

Айта кету керек, жыл басынан бері тұжырымдама аясында бірнеше заң жобасы қолданысқа енгізілді. Заңгерлердің айтуынша, қабылданған заңдардың сыбайлас жемқорлық әрекеттерді, қылмыс жасауға тікелей немесе жанама түрде әсер ететін алғышарттарды анықтауға әсері мол болмақ. Сонымен қатар, тұжырымдамада күштік құрылымдардағы мамандардың әлеуеті де ескерусіз қалмаған. Қазіргі кезде жоғары заңгерлік білім беретін оқу орындарының көптігі ешкімге жасырын емес. Алайда, онда даярланған мамандардың білімі мен біліктілігіне көпшіліктің сенімі аз. Содан болар, сапасыз даярланған мамандар елдегі жұмыссыз заңгерлердің қатарын көбейтуде. Тұжырымдамада жүктелген міндеттерге орай заңгерлерді даярлайтын білім беру орындарын сүзгіден өткізіп, білім беру сапасын көтеруге айрықша назар аударыла бастады. Алдағы уақытта мамандарды сұранысқа сай даярлау қажеттігі де ескерілмек. Отандық құқықтық ғылымға қолдау таныту да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.
Осы ретте айтарымыз, құқықтық мемлекет құру және жоғарыда айтылған міндеттерді іске асыру үшін әрбір адам құқықтық саясатты өздерінің күнделікті тіршілігінен бастауы керек. Әр адам заңды құрметтесе, әрбір ісін заң аясында жасауға әрекеттенсе, Президент айтқан Әділетті қоғам құрудың ауылы алыс емес.

А.НҰРӘЛІ,
Шымкент қалалық  қылмыстық істер жөніндегі
ауданаралық сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы.
Пікір қалдырыңыз