Нағыз қазақ етті қолмен жейді

Бірде, Қаныш Сәтбаев ағамыз Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып тұрғанда Қазақстан  делегациясын басқарып, Францияға мәдени-ресми сапармен барады. Француздар біздің қазақ делегациясын «орыстар, орыстар» деп қайта-қайта айта бергеніне намыстанған Қаныш аға:
– Біз орыс емеспіз, өз халқымыз, өз мәдениетіміз, өз жеріміз, өз еліміз бар «қазақ» деген халықпыз, – депті ашуланып.
– Онда дәлелдеңіз, біз де таниық, – дейді француздар. Қолдары босап, демалып жатқанда Қаныш ағамыз бір қой алдырып, өзі бас болып, сойып, мүше-мүшеге жіліктеп, ішек-қарнын тазалатып, бас-сирағын үйіткізеді. Сосын қазан алдырып, бас-сирағын бөлек, басқасын бөлек, пісіртеді. Оны көрген француздар қайран қалады. Ас дайын болғанда басты бөлек, сирақтарды бөлек, қалған еттерді табақтарға мүшелдеп, қонақтардың лауазымына қарай алдарына табақ тартқызады. Қаныш ағамыз бұл тағамды қазақтың ең қасиетті асы, оны «ет асу» деп атайтынын, оны қолмен қалай жейтінін көрсетіп, премьер-министрге басты беріп, қалай тазалайтынын да үйретеді. Балбыратып, өте дәмді пісірген етті француздар қолдарымен сүйсіне жейді. Француздармен бірге отырған кейбір қазақ шенеуніктер етті қолмен жегенге оқырана қарап, Қаныш ағаны атарға оқтары болмай тістеніп отырады. Қазақтың ас ішу мәдениетін керемет көрсете білген дана Қанышқа ризашылығын білдіріп, бастарын шайқап таңданбаған француз қалмайды. Газеттеріне жазады.
Сапар аяқталып, елге қайтар алдында бір мейрамханада қазақ делегациясы оңаша ас ішіп отырғанда, бір қолына шанышқы, бір қолына пышақ ұстаған мәңгүрт, топас шенеунік орнынан атып тұрып:
– Қаныш Имантаевич, сіз қазақ халқын арам қолымен ас жейтін, жабайы, мәдениетсіз етіп көрсетіп, бүкіл әлемге масқара қылдыңыз. Қазақстанға барған соң мәселеңізді тиісті орындар қарайтын болады, – деп зіркілдейді. Сонда Қаныш ағамыз байыппен, асықпай орнынан түрегеледі; – Біздің осында отырғанымызға 10-15 минут өтті. Осыдан жарты сағат немесе бір сағат бұрын қолыңыздағы шанышқымен, қасықпен кім не жегенін айтып бере аласыз ба? – деп сұрайды. Үн жоқ. Әрине, білмейсіз, оны ешкім де білмейді. Бір сағат, бір күн, бір ай, бір жыл бұрын шанышқымен, қасықпен кім ас ішкенін білмейміз. Қолыңыздағы шанышқымен өмірі жазылмайтын ауыз жарасы, туберкулез, сифилис, неше түрлі жұқпалы аурулармен ауыратын адамдар ас ішкен шығар. Жалпыға ортақ мейрамханаға кім келмейді?! Қолыңыздағы шанышқы жуылды ма? Ыстық сумен жуса да өлмейтін паразит, бактериялар жеткілікті.
Ал, қазақ халқы ас ішерде қолын жуып отырады. Ол ауру болса да өз алдындағыны жейді, өз алдындағыны ішеді, ауру өзімен кетеді. Біз әлемдегі ең таза да ақылды халықтың ұрпағымыз дегенде әлгі шенеунік қолындағы шанышқы мен пышағын үстел үстіне тастай салғанын білмей қалады. Осы уақытқа дейін шанышқы мен пышақпен етті мылжалап отыратын әрі оны әлемдік ас ішу мәдениеті деп ұғатын сол жерде отырған «оқымысты» қазақтар қолдарындағы  қасық, шанышқы, пышаққа күдікпен қарап, астары тамағынан ары өтпей тұрып қалғандай болады.
Осыдан кейін қазақ әлемдегі ең дана халық дегенге қалай сенбейсің?!

Тоғайбай Нұрмұратұлы.
Пікір қалдырыңыз