Қазақ полицейі «кадрдан» көрінбейді...

Біздің қатарластарымыз жастайынан полиция немесе милиция туралы көркем фильмдерді көріп өсті десек, қателеспейміз. Кино өнерінің адам санасына қаншалықты әсер ететінін ескерер болсақ, тәртіп сақшысының жағымды бейнесін қалыптастыруда көгілдір экранның тигізер пайдасы ұшан-теңіз екендігі даусыз. Полицейлер туралы фильмдерді көрермен жылы қабылдайтындықтан, қазір осы жанрға әлемнің көптеген режиссерлері бара бастады. Ал, бұл үрдіс Қазақстанда қалай дамып жатыр? Елімізде кино арқылы тәртіп сақшысының оң имиджін қалыптастыруда қандай шаралар қолға алынуда? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп, ой жүгірткенді жөн санадық.
Біздің замандастарымыз «Комиссар Катани», «Лейтенант Коджак» сияқты телехикаяларды жібермей көретін. Бұл кинолар талай жеткіншектің тәртіп сақшысы болсам деген қиялына қанат бітірді. Ал, Гонконг киногерлері түсірген «Полиция хикаясы» фильмі полицейлердің беделін мүлдем асқақтатып жіберді десе де болады. Осынау фильмдерден кейін Гонконг полиция мектебіне түсушілердің саны бұрынғыдан екі есеге көбейген екен. Бұл үрдіс тек Гонконгта ғана емес, бүкіл Қытай елінде, тіпті, дүние жүзінде байқалды десе де болады.
Кеңес Одағы тұсында да тәртіп сақшыларын елдің сүйіктілеріне айналдыру саясаты жақсы жүргізілді деп айтуға болады. «Ізкесуші», «№ 306 іс», «Бриллиант қол» сияқты түрлі жанрлардағы фильмдер милиция қызметкерлері туралы мәңгі ескірмес туындылар. Ал, қазіргі Ресейдің «Сынық шамдар көшесі», «Камен-
ская» сияқты телехикаялары мен полицейлер туралы фильмдерін тізіп отыруды жөн деп таппадық. Ең бастысы, осы туындылар патшакөңілді көрерменнің көкейінде сайрап жатыр.
Енді елімізге оралсақ. КСРО кезінде түсірілген «Атаманның ақыры», одан кейінгі «Транссібір экспресі» мен «Манчжур нұсқасы» сияқты туындылар тарихи құндылықтарымыз іспетті. Аты аңызға айналған кинотуындыларда Асанәлі Әшімов сомдайтын тәртіп сақшысы Шадияров жас ұрпақты Отаны үшін отқа да, суға да түсетін патриот азамат етіп тәрбиелеп шығарды. Досхан Жолжақсынов сомдаған «Даладағы қуғын» фильмінің басты кейіпкері Хамит те зұлымдық пен қылмысқа қаны қас қаншама толқынды тәрбиелеп шығарғанын дөп басып айту мүмкін емес. Тәуелсіздік алған соң да киногерлеріміз бұл тақырыпқа тер төгудің маңыздылығын ұмытқан жоқ. Нәтижесінде «Қара шегіртке» («Саранча») атты шытырман оқиғалы телехикаямыз дүниеге келді. Негізгі оқиға желісі әдеттегідей жақсы мен жаманның, заңдылық мен заңсыздықтың, полицей мен қылмыскердің тартысына құрылған. Телехикаяны түсірушілер қазақстандық көрерменді ресейлік және бразилиялық «арзанқол сериалдардан» ажыратып алу үшін «Қара шегірткенің» әр сериясын шытырман оқиғамен шиырлай түсті. Нәтижесі жаман болған жоқ. Шетелдік өнімдерден зәрезап болған көрермендеріміз «Тоғысқан тағдырлар» мен «Қара шегірткені» көріп, көзайым болғаны ақиқат.
«Қара шегірткенің» басты идеяларының бірі погон таққан адамдардың қоғамдағы беделін жоғарылатып, оларға деген сенімді арттыру еді. Дегенмен, онда тек өз ісіне адал полицейлер ғана емес, майор Матажанов сияқты «парақор погондылар» да бар. Түсірушілер осы кейіпкер арқылы ішкі істер саласының көлеңкелі тұстарын да көрсетпек болды. Өмірде жаза басып, аңғалдық танытатын тәртіп сақшылары да кездеседі, солар осыны көріп, сәл де болса көңілдеріне медеу тұтсын дегендері болар…
Кейде қызметіне салғырт қарайтын тәртіп сақшыларының әрекеттері полиция формасын кигендердің бәріне бірдей қара күйе жағып, беделін төмендетіп жатады. Әйтпесе, өз ісіне берілген, халықтың бейбіт өміріне қалқан болуды абыройлы міндетім деп білетін полицейлердің қатары аз емес. Мәселен, ел ішінде бүлік шығарған лаңкестермен бетпе-бет келіп, көпті құтқару үшін өз жанын пида еткен жамбылдық полицей Ғазиз Байтасовтың көзсіз ерлігі әлі күнге дейін халықтың жадында. Кеудесін оққа тосқан батырын ел ешқашан ұмытқан емес. Сондай-ақ, Қостанай облысында жолда қалып қойған көліктерге ақтүтек боранға қарамастан жаяу жүріп жол көрсеткен патрульдік полиция лейтенанты Амантай Байжановты жұртшылық бейбіт күннің батыры деседі. Бұл өз қызметіне адал полицейдің алғаш рет батылдық танытуы емес. Ол мұның алдында өз әріптесімен бірге өртке оранған үйден 15 адамды құтқарып алып еді.
Өзге өңірлерде де халықтың алғысын алып, ықыласына бөленіп жүрген полицейлер аз емес. Өкінішке қарай, олардың ерлігін арқау еткен фильм немесе қойылымдар жоқтың қасы. Батыс елдерінде тәртіп сақшыларының жағымды бейнесін қалыптастыруда киноиндустрияның ықпалы зор екені көпке мәлім. Оларда мемлекеттік тапсырыспен боевик, триллер, сериалдар түсіру жолға қойылған. Әсіресе, 2001 жылы қыркүйекте болған лаңкестік шабуыл жайлы түсірілген фильмдер америкалықтардың полицейлерге деген құрметін еселей түсті. Өйткені, оқиға кезінде тұрғындарға алдымен қол ұшын созған тәртіп сақшылары болатын. Әсерлі туындылар арқылы олардың беделін көтеру түптеп келгенде қоғам тыныштығын, ел бүтіндігін сақтауға жол ашары сөзсіз.
Кеңес милициясының абыройы да сол кезде ешкімнен кем емес еді. Қамқор да кішіпейіл милиционер ағай туралы мультфильмдер мен заңсыздықтың жолын кескен тәртіп сақшысы туралы кино көріп өскен ұрпақтың санасында кеңес милициясының жарқын бейнесі қалды. Ресей телеарналарын қоссаңыз да полицейлер туралы сериалдар жыл он екі ай бойы көрсетіліп жатады.
Ал, қазақ полицейі туралы әсерлі фильм көріп пе едіңіз? Бізде тәртіп сақшыларының адал қызметі, батылдығы жоғары дәрежеде насихатталмайтынын мойындауымыз керек. Полиция қызметкерлері жайлы фильм түсірсек, оларды келемеждеуден әрі аса алмаймыз. Батырлығы мен жанкештілігі бір-бір детектив, триллерге сұранып тұрған ерлер жеткілікті. Мемлекеттік тапсырыспен осындай тақырыптағы туындылар түсірілсе, ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіптің сақталуына ықпалы арта түсер еді ғой. Яғни дәл осы қызметті сапалы түсірген бір ғана фильмнің өзі қылмыссыз орта қалыптастыруға зор септігін тигізер еді.

Сағидолла ЖҰМАТАЕВ,
полиция полковнигі, ішкі істер органдары ардагерлері
 Қазығұрт аудандық кеңесінің төрағасы.

Пікір қалдырыңыз