Энергокешенде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

«AMANAT» партиясының қайта құрылымдау жұмыстарын ерекше бақылауына алған маңызды нысандарының бірі – «Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының №5 Жылу-
энергоорталығы. Партияның қадағалауына алынған энергокешендегі жөндеу жұмыстарының барысын зерделеу үшін  Парламент Мәжілісінің депутаттары, партиялық фракция өкілдері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков Кентау қаласына келді.
Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енген нысандағы реконструкциялау жұмыстарының барысын мәжілісмендерге облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтып берді. Кентау қаласы әкімдігінің бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары жөнінде қала әкімінің орынбасары  Ғалымжан Төлепов  баяндаса, партиялық бақылау мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы  «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева мағлұмат берді. Мәжіліс депутаттары кәсіпорынды аралап, 2023-2024 жылдардағы жылу маусымына дайындығын, ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын көрді.
Айта кету керек, Кентау қаласындағы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстарының сметалық құны 13 701,1 млн. теңге болып бекітілген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына мердігер мекеме ретінде «ЭМ-Холдинг» ЖШС, техникалық қадағалаушы  ұйым ретінде «Otay Construction» ЖШС  анықталып, олармен келісімшарт түзілген. Бүгінге дейін жөндеу жұмыстарына 11,8 млрд. теңге қаралып, қазандықтардың құрылыс-монтажтау жұмыстары қолға алынған.

«AMANAT» партиясы
Түркістан облыстық филиалының баспасөз
қызметі.

Пікір қалдырыңыз