Туу көрсеткіші бойынша көш басындамыз. Бірақ...

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап келе жатыр. Өткен жылы өңірде 56 мыңға жуық нәресте өмірге келсе, биылғы жылдың алғашқы 5 айында 20 мың 859 сәби дүние есігін ашқан. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды журналистермен өткізген брифингте мәлім етті.
– Ана мен бала денсаулығы – ел болашағының жарқын болуының негізі. Бүгінгі таңда облысымызда 500 мыңға жуық бала тууға қабілетті жастағы әйел бар. Бүгінде солардың 28 мыңнан астамы жүктілік бойынша тіркелген. Сонымен қатар 182 жасөспірімнің жүктілігі тіркеліп отыр. Осындай ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өңірімізде 24-30 маусым аралығында «Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығы өткізіледі, – деді Бауыржан Нұрланұлы.
Апталық өткізудегі мақсат – халықтың репродуктивті денсаулық мәселелері туралы ақпараттандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ұрпақ сүю жүйесімен байланысты аурулардың алдын алу.
Сондай-ақ, брифингте ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, облыстық «Әйелдер кеңесі» ҚҚ төрайымы Баян Жандосова сөз алып, еліміздегі 10 миллионнан аса әйелдің 4 миллионнан астамы фертильді жастағы әйелдер болса, 6 миллионға жуығы балалар екенін жеткізді.
Ал, аталған апталықтың ашылуына арнайы келген ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинова ата-ана мен бала арасында жоспарланбаған жүктілік жөнінде ашық әңгіме болуы керектігін айтып, көпшілікті ұлт болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.