Апатты жағдайда алдымен төтеншеліктер «атқа қонады»

Арыс қаласы Ақдала, Дермене, Жиделі, Байырқұм, Монтайтас, Қожатоғай ауылдық округтерінен, жалпы саны 32 елді мекеннен құралады. Шөл және шөлейт аймаққа жататын бұл аймақтың жазы ұзақ әрі аңызақ ыстық келеді. Ауа райын болжаушылар аймақта биыл да қатты ыстық болатынын айтып отыр. Демек, Арыстың төтенше жағдай қызметкерлері тілсіз жаудан келетін түрлі қауіптің алдында тұр деген сөз. Себебі, апатты жағдайда алдымен атқа қонатын төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері болмақ. Сондықтан Арыс қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс майоры Әуезхан Бейсеновке жолығып, күтпеген қиындықтарға қаншалықты дайын екендіктерін сұрағанбыз.

– Әуезхан Бақытұлы, дана бабаларымыз айтып кеткендей, өрт пен су – тілсіз жау. Тұтқиылдан тиісетін осы «дұшпанға» арыстық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қаншалықты дайын?

– Әрине, апаттың айтып келмейтіні рас. Биыл қаладағы наубайханада күтпеген жерден өрт шықты. Оқиға сол жердегі қызметкерлердің техникалық қауіпсіздікті сақтамауынан орын алған. Абырой болғанда жігіттер дер кезінде жетіп, жалынды ауыздықтап үлгерді. Адам шығыны болған жоқ. Жалпы, Арыс қаласында 8600-ге жуық жеке сектор бар. Біз аудандық әкімшіліктің қызметкерлерімен бірлесе отырып, төрт мыңға жуық тұрғын үйді аралап шыққанбыз. Тілсіз жауға қарсы сақтық шараларын барынша ұстану керектігін тұрғындарға жиі ескертіп отырамыз. Тұрғын үйлерді аралау жұмысы бір сәт толастаған емес. 

Бүгінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесінде бес өрт сөндіру автомашинасы, бір саты, басқа да қажетті құрал-жабдықтарымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, айтып келмейтін апатпен күресуге тәуліктің кез келген мезгілінде дайынбыз.

– Осы арада айта кетейік, тұрғындар тарапынан «өрт сөндірушілер үнемі кешігіп келеді. Келсе де сулары жетпейді» деген шағымды естіп қалып жатамыз.

– Мен сізге өз басымнан өткен бір оқиғаны айтайын. Бірде кішкентай ұлымның қолына кездейсоқ сіріңке түсіп қалып, үйімде өрт шыққаны бар. Өзім аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығымын, әріптестеріме «тез жетіңдерші» деп өтініш айттым. Олар үш-төрт минутта келіп үлгерді. Ал, маған сол үш-төрт минут үш-төрт сағатқа созылғандай көрінді. Әсілінде абыржып тұрған адамға уақыт ұзарып кеткендей болатыны бар. Оған ішкі күйініші мен эмоцияға берілген ахуалын қосыңыз. Ал, шын мәнінде, біздің жігіттер кешігіп бармайды. 

Біздің бөлімдегі әр автокөлік апатты дабыл түскен кезде алты, сегіз тонна су артып жолға шығады. Олардың әр шақырымға белгіленген жылдамдық мөлшері, нормативі болады. Яғни жігіттер оқиға орнына дәл уақытында жетеді. Сондай-ақ, «үнемі сулары болмайды» деген айыптауға да айтарым бар. Өрт сөндіру көлігіндегі насостар секундына қырық, жетпіс литрге дейін су шашады. Демек, алты-сегіз тонна суды бес минутқа жеткізбей тауысады. Су өте аз уақытта таусылғандықтан тұрғындар арасында түсінбеушілік туындап жатады. Суы таусылған көліктер жергілікті жердегі гидранттардан су толтырып келгенше де біршама уақыт өтеді.

– Арыс қаласына алты ауылдық округтің ең жақыны Дермене мен Ақдала ғана. Ал, Монтайтас, Жиделі, Қожатоғай секілді ауылдық округтердің ұзақтығы жетпіс, сексен шақырымды құрайды. Аптап ыстықта егіс даласын өрт шалса, сіздер ол жаққа қанша уақытта жетіп үлгересіздер?

– Дала алқаптарында орын алған өртті сөндіру ауыл әкімдерінің құзыретінде. Әрбір ауыл әкімі техникасы бар жергілікті тұрғынмен меморандумға қол қойған. Апатты жағдайда ең алдымен іске сол жігіттер кіріседі. Өрттің алдын алу мақсатында жерді соқамен жыртып, орын алған өрт ауқымының кеңейіп кетуіне жол бермейді. Мәселен, Монтайтаста ауыл әкімшілігінің жанынан өрт сөндірушілердің қоғамдық бірлестігі құрылған. Ол бірлестіктің адамдарын жақында ғана арнайы тәжірибеден өткіздік.

Сондай-ақ, биылғы жылы Арыс қалалық әкімшілігі біздің мекемеден екі өрт сөндіру көлігін алып, Қожатоғай мен Монтайтас ауылдарына берді. Қожатоғайлықтар жақында ғана егістік жерлерін өрт шалғанда сол көліктің пайдасын көрді. Біз шақырту түскен кезде-ақ бірден жолға шығамыз. Дегенмен, ашығын айтайық, дала өртін ауыздықтау оңайға соқпайды. Бұл – үлкен күш-жігер мен жергілікті тұрғындардың ұйымшылдығымен келетін жеңіс.

– Тілсіз жаудың бірі – өрт болса, екіншісі – су. Жаз мезгілінде адамдардың бәрі өзен-көл жағалап кететіні белгілі. Бұл маусымға дайындықтарыңыз қалай?

– Біз үш жыл бұрын Теміржолшы ауылының аумағынан коммуналды жағажай ашқанбыз. Жергілікті тұрғындар осы аймақта шомылады.

Жалпы, аудан аумағында Сырдария мен Арыс өзендері және Көксарай су қоймасы бар. Жүз он шақырымға созылып жатқан бір ғана Сырдария өзенінің өзі қауіпті аймаққа жатады. Соған қарамастан адамдар өзенге балық аулауға, шомылуға, демалуға келеді. Кейде демалудың соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады. Мәселен, 2021 жылы – 9, 2022 жылы – 5, 2023 жылы 3 адам суға кеткен. Соңғы үш адамның екеуі Шымкент қаласының тұрғындары. Біз қайғылы оқиғаның алдын алу үшін барлық амалды қарастырамыз. Жиырма қауіпті аймаққа тақтайша, билбордтар орнатып, түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Әйткенмен, әркім өз өміріне өзі жауапты екенін ұмытпауы керек.

– Бұл қызметте жүргеніңізге 15 жылдан асыпты. Осы уақытта есіңізден шықпастай қандай оқиға өтті басыңыздан?

– Арыста болған жарылыс отандастарымыздың есінен шыға қоймас. Су тасқыны, өрт келе жатса әйтеуір амалдап алдын алуға тырысамыз ғой. Ал, жарылыс ойда-жоқта орын алғандықтан елдің дүрбелеңге түсіп кеткені рас. Әйткенмен, ол күндер де артта қалды.

– «Жақсыны айтып, жаманды тақап қой» деген, бетін аулақ қылсын, бірақ сондай оқиға орын алып жатса, халықтың қауіпсіздігі үшін ойластырылған жоспарлар бар ма?

– Өздеріңіз білесіздер, барлық билік пен азаматтық қорғаныс қала әкімінің қолында. Біз тек жоспар жасап, бағыт-бағдар береміз. Ол жоспарды арнайы министрлік бекітеді. Апат болған жағдайда тұрғындарды көшіретін қауіпсіз орынды белгілеу, штаб құру, тағы да басқа істер мұқият жоспарланып қойылған. 

– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен Пернебай Сапар,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз