«БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ – ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІНЕ ИЕ БОЛУ»

Түркістан облысы құрылғалы өңіріміз қылмысы ең аз өңірлердің қатарынан түскен емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп сақшыларымен кездескен сайын полицияның ашық болуын, ол үшін халықпен тығыз байланыс жасау қажеттігін үнемі естеріне салып отырады. Облыс полицейлері бүгінде Президент айтқан тапсырмаларды мүлтіксіз орындап келеді. Соның бір дәлелі, Түркістан облысы құрылғалы өңіріміз қылмысы ең аз өңірлердің қатарынан түскен емес.

Әрине, мұндай көрсеткіштерге қол жеткізуіміз біріншіден ҚР Ішкі істер министрлігінің берген бағыт-бағдары мен жеке құрамның тынымсыз қызмет етуінің нәтижесі деп білемін. Облыс тұрғындары да тәртіп пен заңға үйреніп, полицияға ұдайы қолдау білдіріп келеді. Мемлекет қолдауының арқасында облыс полициясы 4 қабатты жаңа ғимаратқа жайғасып, сапалы да жаңа техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Профилактикалық жұмыстарды күшейтудің және полицияның күшейтілген режимде қызмет атқаруының нәтижесінде бүгінде тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін тәжирибелі сақшылардың қатары артты. Полиглот полицейлер мен полицейлер династиясы да көбейіп келеді. Қызметіне адал сақшыларды қалыптастыру мақсатында жас мамандардың заңды сақтауына ерекше көңіл бөлініп, тәлімгерлер кеңесі құрылды. Олармен бірге ауқымды жиындар өткізіліп, полиция қызметкерлеріне тәжірибелік сабақтар ұйымдастырыла бастады. Мұның барлығы тұрғындармен етене жұмыс істеудің нәтижесі.

Полиция қызметкерлерінің арасында ерлік жасап, адам өмірін құтқарып қалған жағдайлар да аз емес. Қоғамның қауіпсіздігі мен халықтың тыныштығын күзету кезінде қаншама сақшыларымыз батырлық әрекеттерімен көзге түсіп, қылмыскерлерді құрықтап жүр. Бір сөзбен айтқанда, облыс полицейлері қылмыстың алдын алуға үлестерін қосуда.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ішкі министрлігінің алқа мәжілісінде «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру аясында басты он бағытты айқындап берген еді. Сол бағыттың үшіншісінде «Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті халықтың сеніміне ие болу» деп бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Біз бұл сенімді өз деңгейінде ақтауымыз қажет!

Құрметті әріптестер!

 Баршаңызға қылмыс пен заң бұзушылықты болдырмауды басты міндет санап, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Кәсіби мерекемізде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, Тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен халықтың игілігі үшін атқарып жатқан еңбектеріңізге толағай табыс пен сәттілік тілеймін! Мереке құтты болсын!

Ізгі ниетпен: Мұрат Талапұлы Қабденов,

 Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.

Пікір қалдырыңыз